Қалабасы Асхат Шахаров журналистерді марапаттады
Бүгін қала әкімі Асхат Шахаров кәсіби мерекелері қарсаңында журналистер қауымын құттықтады. "Халықтың көзі, құлағы һәм тілі" болған төртінші билік өкілдері қала әкімі атынан арнайы мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Шаһар басшысы осынау қиын кезеңде билікпен кері байланыс орната отырып, халыққа барынша тұшымды ақпарат таратуда ерен еңбек еткені үшін журналистерге алғысын білдірді. Марапатқа ие болғандардың арасында "Рика-ТВ" телекомпаниясындағы жаңалықтар қызметінің операторы Жасұлан Жұбай да бар.
Еске салайық, Асхат Шахаров елімізде төтенше жағдай жарияланған күні қалаға басшы болып келген еді. Бүгін оның әкімдік қызметіне 100 күн толып отыр. Мерекелік жиында қала басшысы журналистерге осы жауапкершілігі мол жүз күнде тындырылған істер жөнінде есеп берді. Жол мәселесі, қала тазалығы, экологиялық ахуал және халықтың қауіпсіздігі қазір басты назарда екенін жеткізді. Атап өтілгендей, жолдардың сапасы бірінші орында. Сондықтан, жол жөндеу жұмыстары тамыз, қыркүйек айларына дейін созылады. Қала басшысы халықты осы уақыт аралығында орын алған кептелістер мен кедергілерге түсіністікпен қарауға шақырды. Халық наразылығын тудырған тағы бір мәселе қоқыс тазарту қызметі де бір жүйеге келтіріліп жатыр. Бұл жөнінде Асхат Шахаров тиісті органдарға тапсырма берген. Мәселе шешіледі дейді. Бірақ сәйкесінше тариф те артуы мүмкін.Тұрғындар көкейінде жүрген сауалдардың бірі - қаладағы жағымсыз иіс. Бұл мәселе де әкімнің назарынан тыс қалған жоқ. Осылайша, жуырда қаланың әр ауданында экологиялық есептеу құрылғылары орнатылатын болады. Ал, экологияны бұзып тұрған кәріз жүйесін жаңартуға республикалық бюджеттен қыруар қаржы керек. Қаржы бөлінісімен, күрделі жөндеу жұмыстарын бастаймыз, -деді қала әкімі.
Количество показов: 815
Дата создания: 26.06.2020 19:01:31