Қала тұрғындары жылыту маусымын тоқтатуды талап етуде
Көп қабатты үй тұрғындары ауа қармап қалды. Ыстықтан қашып, далада түнеуге бар. "Трансэнерго" АҚ-ы басшылығы болса түздегі температураның 20 градустан шарықтағанына қарамастан сәуірдің соңына дейін қаланы жылудан ажыратпақ емес. Жергілікті билік те ақтөбеліктерді шыдамдылыққа шақырып отыр. Ал кей адамдардың денсаулығы пәтер ішінде қалыптасқан жағдайды көтере алар емес. Қалалық медициналық жедел жәрдем бекеті күнделікті қызметтерін атқарып жатыр. Шақыртулар саны да артпаған. Ахуал бірқалыпты. Сонда да күн жылынысымен қазір пәтерлерде ауа салқындатқыштар іске қосылды. Есік-терезелер ашық тұрады. Балалардың салқын тиіп, ауыруы осыған байланысты болса керек дейді дәрігерлер. Енді балаларға абай болу керек. Ыстыққа шыдамсыз үлкендер пәтерлерінің есік-терезелерін ашық тастайды. Осындайдан 9-сәуір күні қалада оқыс оқиға орын алды. Көп қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатынан 3 жасар қыз бала жерге құлап түскен. Ол сүйенген терезенің торы жыртылып кеткен. Абырой болғанда бөбектің басына, ішкі құрылыстарына зақым келмеген. Тек жамбас сүйегі сынған. Жылына мұндай жағдай 5-6 мәрте қайталанады. Жылу мәселесіне қайта оралар болсақ, қала жылудан тек 21-ші сәуірде ғана ажыратылады. Жылу қожайындары суық күндер әлі алда деп, әліптің артын бағып отыр. Жергілікті билік те монополист мекеменің позициясымен толықтай келіседі. Кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар жылуды, жарықты, суды үнемдемейді. Олай болса, коммуналдық қызметтердің ақысын қымбаттата түсу керек. Тұтынушылар бәлкім сонда барып қажеттінің қадірін түсінер деген болатын. Күннің жылынғанын ескеріп, кей қалаларда жылу беру тоқтатылған. Бұл үнемшілдіктің кепілі болса керек. Тек Ақтөбе ғана елден ерек тоңып отыр. |
Количество показов: 1942
Дата создания: 11.04.2013 18:59:09