Қала көшелеріндегі "қара толқын"
Қала көшелерімен жүріп өткен автокөлік шеруі қала тұрғындарының еріксіз назарын аудартты. Жол сақшыларының мақсаты да - көпшіліктің назарын аударту еді. Жол полициясы басқармасы ұйымдастырған "Қара толқын" акциясы республикалық "Қауіпсіз жол" шарасының аясында өткізіліп жатыр.
Жол сақшыларына көмекке "Субару" автоәуесқойларының клубы келді. Үрленген қара шарлар көліктерге байланды. 15 көлік жол полициясы көлігінің соңынан ілесті. Көліктер шеруіне жол апатынан сау тамтығы қалмаған көлік тиелген эвакуатор да қосылды. Жол сақшылары осылайша көлік жүргізушілеріне ереже сақтамаудың соңы қалай аяқталатынын ескертті. Облыстық ЖПБ бекетінен шыққан көліктер легі орталық даңғылмен жүрді. Жол сақшылары дауыс зорайтқышпен жолда жүру ережесін сақтауға үндеді қала тұрғындарын. Халық көп жиналған жерлерде арнайы буклеттер мен парақшалар таратылды. Жыл басынан бері облыс аумағында 444 көлік апаты тіркелген. 103 адам қайтыс болды. "Қауіпсіз жол" шарасы жексенбіге дейін жалғасады.
|
Количество показов: 2405
Дата создания: 14.11.2012 18:57:43