Қыс түскелі оның нағыз болмысын ақтөбеліктер кеше мен бүгін ғана сезініп жатырмыз. Ал коммуналдық мекемелерге бұл нағыз сынақ болып тұр. Қала ішінде жолдар мен тротуарларды таза ұстауы тиіс мердігерлердің бізді қар құрсауынан құтқаруға дәрмендері жетер емес. Техникалар мен жұмысшылардың аздығы бұған дейін де айтылып келеді. Қазір қалыптасып отырған жағдай оған дәлел. Ақпанның ақтүтек боранына Ақтөбе дайын болмай шықты. Қала қар құрсауында қалды. Жалпы биыл қыс басталғалы жолдар мен тротуарларды күтіп ұстауды міндетіне алған мердігер компаниялардың ісі оңбап еді. Кеше күні бойы жауған қарды да аршуға жұмысшылар мен техникалар қас қарайғанда кіріскен. Биыл жыл бойы жолдар мен тротуарларды күтіп-ұстауға бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлінген. Оны жолға жауапты 7 мердігер және тротуарлардың тазалығымен айналысатын 8 компания жаратып жатыр. Руслан Төреғали қар аршуға 100-ден аса арнайы техника жұмылдырылды деді. Ал аяқ жолды 276 жұмысшы, 20 техника көмегімен тазартып жатыр екен. Онымен бұл күштер орталық даңғылдардан артылып жатқан жоқ секілді. Жалпы қалада 600 көше мен 5 елді мекен бар. Қаланың ішінде жағдай осындай болса, етектегі жұрттың қандай хәлде қалғанын айтпай-ақ та қоюға болады. "Қазақавтожол" және жеке кәсіпорындардың техникалары мен жұмысшылары облыстық, республикалық маңыздағы тас жолдарды тазартып жатыр. Алыс жолға шыққандардың жолын аршып беруге де 100-ден аса техника жұмылдырылған. Кеше 4 республикалық және 4 облыстық маңызға ие тас жолдар жабылған болатын. Бүгін тазартылған трассаларда көлік қозғалысына рұқсат берілген. Қаладан Шұбар, Қандығаш және Хромтауға дейінгі жолдар ашылған. Синоптиктер бүгінгідей ауа райы келесі аптаның басында қайталанады деп отыр.
Айта кетейік, синоптиктер 1 тәулікте 6 мм-ге дейін түскен қарды норма деп есептейді. Ал кешелі бері қалаға 11 мм қар жауған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті дерегінше, жерді жапқан қардың қалыңдығы 37-40 см.
Количество показов: 625
Дата создания: 18.02.2021 18:26:16
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>