Абай гүлзарында фотокөрме өтті
Бүгін қаланың орталығында ақтөбеліктер көшпелі фотокөрме тамашалауға мүмкіндік алды. Көшпелі фотокөрме бүгін "Нұрдәулет" сауда үйінің жанындағы Абай гүлзәрынан орын тапты. Талдан талға тартылған жіпке суреттер тізілген. Фотографтың нысанасына іліккен облыстағы Алға балалар үйі , Тамды, Жайсаң мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері. Фотокөрме жетім қалған ұл-қыздардың тағдырынан сыр шертеді. Ашық аспан астында ұйымдастырылғандықтан суреттерге өткен-кеткеннің көзі түсіп жатыр. Шараны өткізуші "Бота" қоғамдық қоры өкілдерінің мақсаты да сол-жетімдердің тағдырына қоғамның назарын аудару. Көшпелі фотокөрме 2014-ші жылдың сәуір айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында барлық мектептер мен жоғарғы оқу орындарына осы фотокөрме қойылады. Суреттегі тастанды періштелер жастардың да санасына ой салып, жетімін жылатпаған халықтың арын сілкуі тиіс. Ирина Павлованың жасы қазір 25-те. Екі баланың анасы. Әжесінен қалған үйге өзі сықылды жетімдерді сиғызып отыр. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жылдан жылға өңірде жетім балалар саны кеміп келеді. Осыдан 5 жыл бұрын Алға балалар үйінде 500 тәрбиеленуші болса, қазір олардың саны 253 қана. Оған патронатты отбасы, қорғаншылық, қамқоршылық үйлерінің пайда болуы себеп. Бала асырап алу да көбейген. Үкіметтік емес ұйым, қоғамдық бірлестіктердің де жетім балалардың тұрмысын жеңілдетуге қосып жатқан үлесі басым. |
Количество показов: 2347
Дата создания: 17.09.2013 18:50:52