"Ақтөбенің" ендігі қарсыласы исландиялық "Брейдаблик» командасы
"Ақтөбенің" жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ! Жергілікті команда Еуропа Лигасы іріктеу кезеңінің келесі айналымына өтті. Норвегиялық "Хёдд" командасымен қарымта матчтың нәтижесі 2:0. Матч алдындағы баспасөз мәслихаты кезінде команданың жартылай қорғаушысы Марат Хайруллин "жеңілсек, жанкүйерлеріміз кешірмейді" деген болатын. Абырой болғанда, футболшылар бас жаттықтырушыны да, Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға жиналған 13 мың жанкүйерді де жерге қаратпады. Матч қарқынды басталды. Александр Гейнрихтің Сергей Давыдовқа шығарған әдемі пасы командамызға алғашқы ұпайды әкелді. Ойынның алтыншы минутында есепті Сергей Давыдов ашты. Трибунадағылар жергілікті команданы қолдауымен желпіндіріп отырды. Әрбір шабуылда допты діттіген жеріне дәлірек тепкенде "Ақтөбеде" бірінші таймда -ақ келесі айналымға өтуге мол мүмкіндік болды. Алайда,қарсыластардың қорғанысының мықтылығы бұл мақсатты жүзеге асыруға кедергі келтірді. Біздің де қақпаға қауіп төнген сәттер аз болған жоқ. Голкипер Андрей Сидельниковтің қырағылығы арқасында "Ақтөбенің" қақпасы қарсыластар үшін тас қамалға айналды. Екінші тайм. Норвегтер қорғана жүріп, шабуылдау керектігін де ұмытпады. Келесі кезеңге өту үшін екінші голдың ауадай қажеттігін білетін "Ақтөбенің" жанкүйерлерінің делебесі қозды. Ойынның 60-шы минутында Сергей Давыдов дубль орындады. Давыдовтың дублімен "Ақтөбе"-"Хедд" кездесуі аяқталды. "Ақтөбе" іріктеу кезеңінің 3-ші айналымында. Ал норвегиялық бас жаттықтырушы Ларс Арне Нильсенн "Ақтөбені" жеңісімен құттықтап, Қазақстанның кереметтігін айтып, 13 мың жанкүйердің қатысуымен өткен матчқа қатысқандарына бақытты екендіктерін жеткізді. Үшінші айналымда "Ақтөбе" исландиялық "Брейдабликті" қабылдайды. |
Количество показов: 2259
Дата создания: 26.07.2013 18:39:32