Ақтөбеліктер жаппай резеңке етік сатып алуда
Ақтөбеде екі-үш күннен бері ең өтімді тауар су етігі болып тұр. Көктем келіп қаламыздың іші-сыртын су басып, көшелер көлге, көк тайғаққа айналды. Көшеде қарттар түгіл жастар мен балалар да құрғақ жер іздеп, адымын ашып жүруге мәжбүр. Шаһардың шалшық, балшық басқан, көлкілдеген суға толы көшелерінен резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. Сатушылар Қытай мен Ресейдікі деп айтқан резеңке су етіктер орталық базарда 3500 теңгеден басталады. Ал, қалғанының бағасы қонышының ұзындығына қарай көтеріле береді.Қаланың барлық дерлік базарында да су етіктің саудасы қызып тұр. Күн жылып, жер кепкенше резеңке етіктің саудасы тоқтамайды, дейді сатушылар. Толассыз жауған қар еріген суға айналып, ақтөбеліктер су кешіп жүрмеу үшін бәріне бір-бір су етік сатып алуға тура келеді. Қала тұрғындары болса егер қала көшелеріндегі суағарлар дұрыс жұмыс істеп тұрса, көшелер маңы жүйелі тазартылған болса халық мұнша әбігерге түспес еді, деп налиды. Мұны ақ жағалылар да жақсы білетіні аян, дейді тұрғындар.
Количество показов: 9
Дата создания: 14.03.2025 10:18:11