Ақтөбеліктер донорлар күнін атап өтті
14-маусым бүкіләлемдік донорлар күні. Осы айтулы датаға орай бүгін облыстық қан орталығында арнайы мерекелік шара өтті. Ерікті донорлар орталықтың дайындаған құнды сыйлықтары мен грамоталарына ие болды. Сондай-ақ өңірімізде осы игілікті іске атсалысып жүрген кәсіпорын өкілдеріне де алғыс хаттар табысталды. Статистикаға сүйенсек облыстың әрбір 1000 тұрғынының 15-і жыл сайын қан тапсырады екен. Әсіресе соңғы жылдары өңірімізде ерікті донорлар саны артып келеді. Облыстық қан орталығының іргетасы алғаш рет 1940 жылы қаланды. Қазір мұнда 100-ге тарта дәрігер қызмет етеді. Мұндағы ақ халаттылардың барлығы да өз ісінің шеберлері. Сондай білікті мамандардың бірі Әуезхан Мағзұмов. Отыз жыл өмірін медицина саласына арнаған оның осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері мен асқан асулары аз емес. Елге сіңірген еңбегі үшін өткен жылы облыс әкімінің «Шапағат» сыйлығын алса, бүгін Қазақстан халқына атқарған абыройлы қызметі үшін арнайы төс белгіге ие болды. Мамандардың айтуынша қан тапсырудың адам денсаулығына пайдасы болмаса еш қаупі жоқ. Оның үстіне көшедегі кез-келген көк атты донор бола алмайды, себебі тексеру тыңғылықты жүргізіледі. Алдымен қан тапсыруға ниеттенгендер ақ халаттылармен ауызша әңгімелесіп, арнайы анкета толтырады. Сондай-ақ қан тапсыруға келген жанның өзімен бірге төлқұжаты болуы да басты шарт. Одан әрі болашақ донор зертханалық жолмен қан тапсырып,ондағы гемоглабин мөлшері мен түрлі ауруларға қатысы бар, жоғы анықталады. Осындай сынақтардан сүрінбей өткендер ғана толыққанды донор бола алады. Қаламызда күн сайын орта есеппен 50-ден аса адам қан тапсырады екен. Дәрігерлердің айтуынша орталықта қазір қан қоры жеткілікті. Бірақ, теріс резусті қан түріне ие адамдар өте тапшы. Сондықтан осы қан тобына жататындар орталық тарапынан айрықша назарға алынған. Ал ондай теріс резусті қан түрі әрбір 100 адамның 3-нде ғана кездеседі. Тағы бір айта кететін жайт, орталықта соңғы жылдары заманауи үлгідегі жаңа медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Олардың көмегімен қан құрамындағы кез-келген дертті дер кезінде анықтауға болады. Ал бұл өз кезегінде аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. |
Количество показов: 2342
Дата создания: 14.06.2013 19:37:23