Ақтөбеліктер бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алу үшін бүгін барша ақтөбеліктер Түйетөбе басына жиналды. Боздақтардың ұрпақтарымен қатар Түйетөбе басына облыс және қала басшылары да барды. Жиналғандар әруақтарға құран бағыштап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сонау зұлмат жылдары Қазақстан бойынша 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Бұл құрбандар ішінде ұжымдастыру кезінде зорлық-зомбылыққа қарсы шыққандар мен әр жылдары қазақ жеріне жер аударылған өзге ұлт өкілдері де бар. Сондай-ақ сталиндік солақай саясаттың салдарынан жазықсыз жазаланған жандар да жетерлік. Тарихшылардың деректері бойынша 1920-1940 жылдар аралығында Ақтөбе облысының өзінен 7 мыңдай адам саяси қуғын сүргінге ұшыраған. Оның 1,5 мыңы ату жазасына кесілген. Жоғары жаза дәл осы Түйетөбеде жүзеге асып, марқұмдар осы жерге жаппай көмілген. 90 жылдардың бас кезінде көзі тірі куәлар мен құжаттар анықталған соң, 1997 жылы 31 мамырда Түйетөбеде қаралы митинг өткізіліп, кейін ескерткіш-белгі орнатылды. Жалпы Кеңес одағында 4 млн-ға жуық адам жазаланған, оның 500 мыңы ату жазасына кесілген. Сталиндік қуғын-сүргін жылдары саяси сенімсіздер деген үкіммен 3 мың орыс, 5 мың украин, 700 болгар, 6 мың шешен, 400 еврей, 1 мың поляк, 1,5 мың неміс және т.б. ұлт өкілдері облыстың аумағына НКВД бақылауына қоныс аударылған. |
Количество показов: 2363
Дата создания: 31.05.2013 19:19:52