Ақтөбелік жүргізуші мак қосылған тәтті орама жеймін деп нашақор атанды
Ақтөбелік жүргізуші Александр Служаев мак қосылған тәтті орама жеймін деп нашақор атанды. 33 жастағы жігітті көлік тізгінінде отырып, есірткіге еліткен деп жол полициясы инспекторлары айыптаған. Наурыздың 28-де өткен отырыста сот оны жүргізушілік құқығынан айыру туралы шешім шығарды. Жүргізушілік құжатымен бірге жұмысынан да айырылған жігіт қазір әділдік іздеп жүр. Жүргізуші Александр Служаевты осыдан үш апта бұрын Мәртөк ауданындағы тас жолда жол сақшылары тоқтатқан. Құжаттарын тексеру кезінде инспекторлар оның көзінің қызарып тұрғанынан секемденіп, ағзасында есірткі затының бар-жоғын анықтау үшін сараптама жасау орталығына апарған. Полицейлердің күдігі расталды. Жүргізушінің бойынан морфий табылды. Бірақ, Александрдың өзі есірткі затының ағзасына қайдан түскенін білмейді. Тәтті орамадағы көкнәрдың әсерінен денеде есірткі затының табылуы әбден мүмкін. Кеңес сұрап барған қаладағы медициналық орталықтардың бірінің дәрігері Александрға осылай деген. Ал, облыстық наркологиялық диспансер емханасының меңгерушісі Балзада Мырзатілеуова бұл жалған деді. Асқа пайдаланылатын мактан есірткідей еліту үшін нашақор кемі 2,5 келі көкнәр тұтынуы тиіс. Бірақ, маман есірткі затының ағзаға өзге жолдар арқылы да енуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Бас ауруын басу үшін қолданылатын дәрі-дәрмектердің құрамында морфий мен кодеин бар. Қалай болғанда да, Александр Служаев қазір есірткі тұтынушы ретінде наркологиялық диспансердің тіркеуіне алынды. Жұмыссыз қалды. Ал, көлік тізгініне енді қашан отыратыны белгісіз. |
Количество показов: 2525
Дата создания: 03.04.2013 20:02:14