Ақтөбелік құтқарушылар су тасқынына дайындалуда
Бүгін елдің түкпір-түкпірінде төтенше жағдайлар қызметтері көктемгі су тасқыны кезінде әрекет ету мүмкіндіктерін пысықтауда. Ақтөбелік құтқарушылар "Көктем-2013" республикалық командалық- штабтық жаттығуларын Елек өзенінің бойында өткізді. Алдын ала құрылған оқиға желісі бойынша, өзен жағасындағы саяжайлардың бірін су басып, тұрғын- жайларды шайып кеткен. Қауіпті аумақта жеті үй, 15 адам қалды. Екі жасөспірім арнасынан асып тұрған өзенді өз бетінше кешіп өтпек болып, жоғалып кеткен. Құтқарушылар өзеннің арғы бетіндегі адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, жылыну пунктіне орналастырды. Зардап шеккендерді "Қызыл ай" қоғамының қызметкерлері жылы киіммен қамтамасыз етті. Психологтың көмегін қажет еткендер үшін арнайы шатыр құрылған мұнда. Өзенді кешіп өтпек болған балалардың біреуі іздестеру шаралары кезінде мұздың ойылған жерінен табылып, құтқарылды. Ал, екіншісінің денесін сүңгуірлер 6 метр тереңдіктен алып шықты. Ақтөбелік құтқарушылардың "Көктем-2013" республикалық командалық- штабтық жаттығулары осылай аяқталды. Шараны сырттай бақылаған департамент басшылығы сүңгуірлер, құтқару жасағы мен дәрігерлердің әрекеті ойдағыдай деп бағалады. |
Количество показов: 2121
Дата создания: 15.03.2013 20:22:52