Ақтөбеге Қытайдан делегация келді
Бүгін қалаға Қытайдан делегация келді. Қытай халық республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономды ауданына қарасты Қарамай өңірінен келген қонақтар шаһар басшысымен кездесіп, бірнеше өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады. Жуырда ғана елбасы Н.Назарбаев ҚХР-ның төрағасы Си Цзиньпинмен кездескені белгілі. Екі ел президенттері жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылап, маңызды 7 құжатқа қол қойғаны белгілі. Соның ішіндегі ең бастысы - Қашаған мұнай-газ кенішін игеру жобасы болатын. Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының Қарамайынан келген делегацияны қабылдаған қала әкімі Ерхан Омаров кездесу кезінде елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға тоқталды. Қарамайдан келген қытайлық қонақтар әңгіме арасында қаламызды жатсынбайтындықтарын айтты. 10 жылдан бері қарым-қатынас орнады, соны әрі қарай жалғастырғымыз келеді деді, Қарамай халықтық үкіметі мэрінің бірінші орынбасары Ян Сюэвэнь. Қытайдың солтүстік-батысындағы Қарамайда ең ірі мұнай өңдеуші зауыт бар. Тек барланған мұнай қорының өзі 2 млрд тоннаға жуық. Кездесу барысында шаһар басшысы Ерхан Омаров қонақтарды ұсыныс-пікірлерін ортаға салуға шақырды. Ян Сюевэнь мырза алдағы уақытта Қарамайдан келетін 20 шақты кәсіпкерден тұратын делегацияның қаланың шағын және орта кәсіпорындарын аралап көруіне жағдай жасауды өтінді. Жергілікті атқарушы билік ұсынысты қарсылықсыз қабыл алды. Біздің қаладан бөлек, Қарамай қаласымен тағы бір мұнайлы өңір- Маңғыстау облысының Ақтау қаласы достық әріптестік орнатқан. Ақтауда қытайлықтардың қатысуымен ірі құбыр зауыты мен мұнай қондырғылары кешенінің құрылысы басталмақшы. |
Количество показов: 1926
Дата создания: 16.09.2013 18:17:24