Ақтөбеге Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев келді
Ақтөбеге Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев келді. АИБА рейтингінің көшін бастап тұрған былғары қолғап шеберін ақтөбеліктер әуежайда құшақ жая қарсы алды. Батырға лайық құрмет көрсетті. Толағайлармен кездесуді Ақтөбе тағатсыздана күткен болатын. Елді түгел аралап келе жатқан чемпиондарға әр қалада бірінен бірі өткен қошеметтер көрсетіліп жатыр. Батыстың орталығы саналатын Ақтөбе де сырт қалмақ емес. Жергілікті ақынымыз Лондон жерінде небір мықтыларды жұмыр жұдырығымен жайпап, жеңісті тартып алған батырымызға ерлігін айтып, жыр-дастан арнап, дүйім жұрттың алдында есімін тағы бір асқақтатты. Серік Сәпиев жартылай орташа салмақ пен бірінші жартылай орташа салмақта әуесқой бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы. Баркер кубогының иегері. Әлемнің екі дүркін чемпионы. Өзінің 29 жасында халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, "Парасат" орденінің кавалері, "Отан орденінің" иегері. Қазақстандағы мансабы жоғары ең танымал боксшы. Бүгін Серік Сәпиев бокстан олимпиада ізбасарларын даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сабағын өткізеді. Ертең ол ауыр атлет қыздар Мая Манеза, Светлана Подобедова, Зульфия Шиншанлолармен бірге қалада өтетін денсаулық фестиваліне қатысады. |
Количество показов: 2714
Дата создания: 07.09.2012 19:35:08