Ақтөбеге асыл тұқымды сүтті сиырлар әкелінді
Ресей мен Белорусь сүтінен бас тартатын күн алыс емес. Ақтөбедегі "Анди" тауарлы-сүт фермасына жуырда 474 бас сиыр әкелінді. Мүйізді ірі қара мал АҚШ-тың Айдахо штатынан сатып алынған. Бір басының құны - 4 мың 400 АҚШ доллары. Қара ала түлік қазір біздің жақтың күн райына бейімделіп жатыр. Бұл сиырлардың құндылығы - сүтінде. Біреуі күніне шамамен 25 литр сүт береді. Жылына шаққанда 10 мың тонна таза өнім алынады деген сөз. Ферма басшылығы мал таңдауда ең алдымен осыған мән берген. Қашарлардың аймақ климатын жатсынбауы да ескерілді. Мал дәрігерлік тексерулерден өтіп, қатаң іріктелген сиырлар АҚШ-тан 18 күн су көлігінде, 3 тәулік машинамен жеткізілді. Жаңа жерге бейімделу уақыты - 10 күн. Бір ерекшелігі - шетелдік сиырлар өрісте жайылмайды. Микроклиматы үнемі бақыланатын жабық қорада бағылады. Жемі, суы осында. Голштино-фриз асыл тұқымды сиырлар жейтін азық та ерекше. Ферма жанынан 1 мың гектар жерде арнайы екпе шөп егілген. 2,5 мың тонна қара шөп пен 200 тонна жарма алдын-ала әзірленді. Ал, құнажын-қашарлар бұзаулаған соң, соя, жүгері, асбұршақ, минералды дәрумендер сатып алынады. Алғашқы төлді фермадағылар жылдың соңына қарай көреміз деп отыр. Толықтай автоматтандырылған германиялық қондырғы 30 сауыншының жұмысын бір өзі атқарады. Сондықтан, бұл фермаға үш ауысымдық кезекпен алты маман ғана қажет. Сауыншының міндеті - сауу құрылғысын желінге салып тұру. Әрбір сиырдан алынған сүттің мөлшері сандық таблода көрінеді. "Анди" тауарлы-сүт фермасында сүт өңдейтін цех қана жоқ. Ферма басшылығы "Қазагро қаржы" АҚ-ына оның құрылысына қаражат бөлу туралы сұранысты енді жіберген. Айта кету керек, тауарлы-сүт фермасының құрылысына жұмсалған қаржының 85 пайызын "Қазагро" АҚ-ы берген. Жобаның жалпы құны - 916 миллион теңге. "Анди" серіктестігі сиырларының сүті облыс қажеттілігін 100 пайыз қанағаттандырады деу қиын. Алайда, ферма жетекшісі Мәди Қабақбаевтың айтуынша, шетелден тасылатын сүт өнімдерінің көлемін біршама азайтуға мүмкіндік береді. |
Количество показов: 3427
Дата создания: 26.07.2013 18:40:04