Ақтөбедегі егіннің түсімі өте нашар
Өңірімізде биыл астық түсімі өте нашар. Егіншілер гектарынан небары 2,9 центнерден бидай жинап жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар осы жылы егіс алқаптарында бар-жоғы 75 мың тонна астық бастыралады деп болжап отыр. Оның өзі тұқымдық пен мал азығына кететін қор. Ал, халықты арзан нанмен қамту үшін аймаққа "Қазагро" корпорациясынан 61 мың тонна бидай жеткізілмек. Биылғы қуаңшылықтан облыстағы 578 мың гектар алқаптың жартысы күйіп кетті. Екі апта бұрын қалған астықты жинауға кіріскен Мәртөк, Алға, Әйтеке би, Хромтау және Қарғалы диқаншылары жиын-терім науқанын аяқтап та қалды. 300 мың гектар алқаптың 193 мың гектары орылып болған. 56 мың тонна дақыл қамбаға құйылды. Егінге сеніп, ештеңесіз қалған - Әйтеке би ауданының шаруалары. Аудандағы 190 мың гектар алқаптың жартысынан көбі пайдаға жарамсыз. Облыстың солтүстік аудандарында жағдай салыстырмалы түрде жақсы. Мәртөк, Қарғалы, Хромтау егіншілері гектарынан 4 центнер алып жатыр. Бірақ, бұның өзі облыста ұн тапшылығын болдырмауға жетпейді. Билік аймақта бірінші сұрыпты 1 келі ұн бағасының 46-47 теңгеден, 1 көмеш нанның 41-42 теңгеден аспауына жағдай жасап қана қоймай, бағаның тұрақты сақталуын қадағалайды. Ал, егін егемін деп шығынға батқан шаруа қожалықтарының қарыздары 2013 жылдың бірінші желтоқсанына дейін сұралмайтындай болып, келісілді. Қамбасы алтын дәнге толмаған шаруалар қыркүйекте майлы дақылдар мен көкөніс жинауға кіріседі. |
Количество показов: 3052
Дата создания: 27.08.2012 18:41:15