Ақтөбеде жағайы нашар отбасылар саны артуда
Қалада тағы бір отбасының бүлдіршіндері балалар үйіне жол тартуы мүмкін. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар тұрмысы төмен, екі баласының тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын, өзі ішкілікке үйір келіншек Балзия Қазиеваны ата-аналық құқығынан айырмақшы. Алты жастағы Эдик пен төрт жасар Максим үшін қанша ішкіш болса да, өз аналарынан артық адам жоқ. Балғындар тоя тамақ жемейді, киімдері бүтін емес. Сонда да, асыр салып ойнап жүр. Әуе қалашығы ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан бір бөлмелі мына пәтерде бес адам тұрады. Екі баласымен Балзия Қазиева, оның туған інісі мен анасы. Балалардың ас-суы әжелерінің 26 мың зейнетақысына тәуелді. Немерелерінің тәрбиесіне де әже жауапты. Арам суға әуес келіншек бүгін де оразасын арақпен ашқан. Инспектордың сұрақтарына жауап бере алмай тұтылды Балзия. Үш жылдан бері жұмыссыз жүрген келіншектің балаларының қамын ойлайтын түрі жоқ. Инспекторлар оған бірнеше мәрте ескерту жасап, айыппұл төлеуге әкімшілік хаттама да толтырып кеткен. Үшінші рет келгенде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Салтанат Әшімбекова Балзияға ата-аналық құқығынан айырылатындығы жайында ескертті. Қазір тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Келесі аптада сот отырысы өтеді. "Жасөспірім" шарасының үш күнінде тұрмысы төмен он шақты отбасы анықталған. Инспекторлар қараусыз, қамсыз жүрген 111 жасөспірімді ішкі істер бөліміне жеткізген. Оның 89-ы түрлі бұзақылық жасап, қолға түссе, біреуі мас күйінде табылған. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 89 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Жеткіншекке арақ сатқан бір кәсіпкер айыппұл төледі. 10 жасөпірім оқудан қашқаны үшін тіркеуге алынды. |
Количество показов: 1906
Дата создания: 25.04.2013 19:13:23