Ақтөбеде жаңа қосалқы станса іске қосылады
Ақтөбеде жыл аяғына дейін қала тұрғындарының 80 пайызын электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы жаңа қосалқы станса іске қосылмақшы. Жоба "Энергосистема" ЖШС-нің инвестициялық жобасы аясында жүзеге асуда. Заманауи үлгідегі бұл қосалқы стансаның электрмен қоректендіру күші 130 Мегаватт. Ғазиза Жұбанова көшесінің бойында орналасқан мына Сазды қосалқы стансасының іргетасы 1969 жылы қаланған. Қырық жылдан астам қала тұрғындарынының 80 пайызын электр қуатымен қамтамасыз етіп келген бұл станса қазір әбден ескіріп, көненің көзіне айналған. Биыл электр қуатына өскен тарифтер есебінен "Энергосистема" ЖШС-нің қоржынында 790 млн. теңгеден астам қомақты қаржы пайда болған. Аталған қаражаттың жартысына жуығы дәл осы "Сазды" қосалқы стансасын жаңартуға жұмсалса, қалған бөлігі басқа жобаларға бағытталған. "Энергосистема" ЖШС-нің 2013 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында бірнеше жобаны жүзеге асыру қарастырылған. "Сазды" қосалқы стансасы солардың ішіндегі ең ірісі. Құрылысқа 350 млн теңгеден астам қаржы жұмсалмақ, оның 80 пайыздан астамы қазірдің өзінде игерілген. Аталған қаражатқа 46 шкаптан тұратын кешенді тарату құрылғысы сатып алынған. Сондай-ақ мұнда 1000 КВА-тық трансформаторлармен жабдықталған реакторлық бөлме де бар. Ғимаратта апатқа қарсы автоматика жүйесі мен релейлік қорғау құрылғысы орнатылған. Заманауи үлгідегі бұл қондырғылардың бәрі қазақстандық, Кентау қаласындағы электр жабдықтарын өндіретін зауыттан тікелей әкелініпті. Жаңа жобаның тағы бір басты ерекшелігі оның энергияны үнемді пайдалануында. Бұл экономикалық жағынан тиімді. Сонымен бірге нысанның тарату құрылғыларында вакуум ажыратқыштар қондырылған, олар шағын, экологиялық тұрғыда қауіпсіз және өте сенімді. Қазір қосалқы стансада элегаз ажыратқыштар орнатылуда, ал қараша айында қосу-бейімдеу жұмыстарын аяқтау белгіленген. |
Количество показов: 2274
Дата создания: 21.08.2013 18:42:53