Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды
Ақтөбеде 8 адамнан құралған тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Оның алтауы Қазақстан, ал екеуі Молдова республикасының азаматы. Аталған тұлғалар кедендік жалған құжаттарды пайдалану арқылы аса ірі көлемдегі мұнай өнімдерін сатумен айналысқан. Қаржы полицейлерінің айтуынша топ мүшелері қара алтынды Қандағаш қаласына жақын маңдағы консервацияланған мұнай өндіру орындарынан ұрлап, кейін алыс шет елдерге жіберіп отырған. Өздерінің қылмыстық қызметін қаржыландыру үшін олар Багам аралдарындағы банктік есеп-шоттарды пайдаланған. Сондай-ақ жымысқы әрекеттерін жүзеге асыру барысында Ақтөбеде бірнеше жалған кәсіпкерлік көздерін де ашып үлгеріпті. Аталмыш ұйымдасқан қылмыстық топ бас-аяғы 8 айдың ішінде 730 тоннадан астам мұнайды ұрлап үлгеріпті. Оның 365 тоннасын алыс шет елдерге экспортқа жіберген. Ал қара алтынның қалған бөлігін жіберуге дайындық барысында қаржы полицейлерінің қолына түскен. Қазір топ мүшелерінің барлығы да қамауға алынды. Олардың түрлі экстремистік топтарға да қатысы болуы мүмкін. Алайда аталмыш қылмыстық іс әзірге тексерілу үстінде, осыған орай өзге ақпараттар тергеу мүддесіне байланысты жарияланбай отыр. |
Количество показов: 2057
Дата создания: 11.07.2013 18:58:25