Ақтөбеде туу көрсеткіші жоғарылады
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы сапалы, әрі тиімді қызмет көрсету жағынан ел бойынша екінші орында. Бүгін облыс әкімдігінде өткен дәрігерлердің қоғамдық кеңесі осындай дем берерлік сарынмен ашылды. 2011-2015-ші жылдарға бағытталған "Саламатты Қазақстан " бағдарламасының жүзеге асуын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қалиев баяндады. Ақтөбеде соңғы жылы өлім көрсеткіші 2,8 пайызға төмендеп, туу 2,9 пайызға артқан. Бұл өңір халқының табиғи өсімін алты пайызға арттырды. 2011-ші жылы дүниеге 8417 сәби келсе, былтыр 9010, ал осы жылдың жарты жылдығында 9197 шарана туылған. Әлеуметтік хәліміз жақсарған сайын батыр ана атануға құлшыныс танытқандар саны артып келе жатқандығы байқалады. Бірақ, босанатын жастағы келіншектер арасында жүкті болуға тиым салынған әйелдер де бар. Биыл 3718 әйелге абсолютті қарсы көрсеткіш жасалған. Құрсақ көтеру олардың өміріне қауіпті. Қарсылыққа қарамастан 61 әйел бала көтерді. Дәрігерлер бар күшін салып, оларды аман-есен босандырып алған. Ақтөбеліктер арасында жүрек, қан тамырлары дерті азайып келеді. Жүрекке операция қазір облыстық жедел жәрдем ауруханасында да жасалатын болды. Онкологиялық ауру көрсеткіші былтырғы деңгейде қалып тұр. Скринингтік тексеру жемісті нәтижесін беріп келеді. Мәселен, сүт безінің қатерлі ісігіне қатысты биыл 10 мың әйелге тексеру жүргізілген. 5 адамда қатерлі ісік анықталды. 720 әйелде қауіптілік ерте әшкереленді. Жатыр мойыны ісігіне 3 адам шалдыққан. Осы ретте қандай да бір жеке көзқарастарымен нәрестелерін ектіруден бас тартатын ата-аналар көбейіп бара жатқандығын айта кеткен жөн. Алаңдатарлық жағдай. 1197 ата-ана вакцинацияға қарсы. 510 сәби туғалы бір де бір екпе алмаған. Облыс орталығында, Темір, Мұғалжар ауданында тізім ұлғайып барады. |
Количество показов: 2622
Дата создания: 15.08.2013 17:52:47