Ақтөбеде тағы да екі зауыт іске қосылды
Бүгін Қазақстанның барлық аймақтарында Индустрияландыру Күнін атап өтуде. Ел Президенті телекөпір арқылы бірнеше өнідіріс ошақтарын іске қосты. Аталмыш шарадан ақтөбеліктер де тыс қалмады. Бүгін қаламызда жоғары технологиялық әдіспен өнім шығаратын екі бірдей жоба іске қосылды. Қала әкімі Ерхан Омаровтың қатысуымен іске қосылған алғашқы нысан ол "Көктас Ақтөбе" АҚ-на қарасты қағаз өнімдерін шығаратын шағын цех. Құны 180 млн. теңгені құрайтын жаңа кәсіпорын жылына 1200 тонна қағаз және картон өнімдерін өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ өндіріс ресейлік "Импульс" компаниясының заманауй технологияларына негізделген. Шағын цехта шығарылатын қағаз және картон өнімдерінің 30 пайызға жуығы "Көктас Ақтөбе" АҚ-ның ішкі өндірістік процесінде қолданылады. Ал қалған 70 пайыздан астамын еліміздің басқа аймақтарына шығару көзделуде. Жаңа кәсіпорынды қолдау мақсатында атқарушы билік те бірқатар іс-шаралар атқарған. Нақтырақ айтсақ "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында облыс әкімдігі 58 млн. теңге қаржы бөліп, аталмыш өндіріс аймағына апаратын 2 шақырымға жуық жолды жөндеп берген. Шаһар басшысы бас сұққан келесі нысан ол "Фирма Бекарыс" ЖШС жанынан ашылған жаңа зауыт. Кварцтан жасалған жасанды тастарды өндіретін кәсіпорынның жылдық қуаты 84 мың . ш.м. Құны 247 млн. теңгені құрайтын жоба үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылған. Сондай-ақ жобаның арқасында 22 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнім өндіру процессі итальяндық технология арқылы жүзеге асатын мұндай зауыттың Қазақстанда әзірге баламасы болмай тұр. Содан да болар кәсіпорын басшылары өз өнімдерін еліміздің басқа аймақтарына еркін өткізетіндеріне толық сенімді. |
Количество показов: 2320
Дата создания: 25.12.2012 18:58:49