Ақтөбеде әрбір екінші сәбидің жүйке жүйесінде ауытқушылық бар
Ақтөбеде бір жасқа дейінгі әрбір екінші баланың жүйке жүйесінде ауытқушылық бар. Бұған сәбилердің ана құрсағында жатып, жатырішілік инфекцияға шалдығуы басты себеп, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас балалар неврологы Әдемі Демеуова. Сәбилердің жүйке жүйесі ақауларымен туылуына ең алдымен оның анасының жүктілікті жоспарламауы себеп. Аяғының ауырлығын кеш білетін әйелдер құрсағындағы балаға инфекция жұқтырып алады. Осыдан, нәресте эпилепсия, гидроцефалия, церебралды сал ауруы секілді түрлі ауытқушылықтармен туылады. Церебралды сал ауруына біздің облыста қазір 607 бала шалдыққан. Эпилепсиямен 1 мың 106, туа бітті неврологиялық аурулармен 507, гидроцефалиямен шамамен 350 сәби тіркелген. Бүлдіршіндерге дәрі-дәрмек, уқалау, физио ем, су терапиясы тағайындалады. Олар бір жасқа дейін қалпына келтіру шараларының көмегімен оңалуы мүмкін. Балалар неврологының айтуынша, уқалау дауасы қазір дені сау сәбилерге де қажет. Сондықтан, қаладағы емханалардың массаж кабинеттеріне кезекте тұрған ата-аналар көп. |
Количество показов: 2266
Дата создания: 01.08.2013 18:16:01