Ақтөбеде кәріз жүйелерінің 90 пайызы жарамсыз
Осы жылы қаламыздағы кәріз және су құбырларын жөндеуге "Ақбұлақ" АҚ 93 млн. теңгеден астам қаржы бөлген. Аталған қаражатқа 30 шақырымға жуық құбыр желісін жөндеу көзделіп отыр. Қазір коммуналдық мекеме қызметкерлері қаламыздың бірқатар аудандарында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы кәріз құбырлары соңғы рет 1972-жылы алмастырылған. Пайдалану мерзімі осыдан 20 жыл бұрын бітсе де, құбыр желісі әлі де қолданыста. Тағы бір нысан -тұрғындардың тынышын қашырып, жаз бойы жамап-жасқаудан көз ашпаған Тургенев көшесі. Аталған аумақта "Ақбұлақ" АҚ 300 метрлік кәріз жүйесін жаңартуда. Ақтөбеде 400 шақырымнан астам кәріз және су құбыры бар. Олардың 90 пайызы тозығы жетіп әбден ескірген. "Ақбұлақ" АҚ құбыр желілерін алмастырудың 3 жылдық бағдарламасын әзірлеген. Жобаға сай коммуналдық мекеме алдағы жылдары қаладағы құбыр жүйесін жаңартуға 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салмақ. Аталған қаражатқа 20 шақырымнан астам құбыр жүйесі жөнделетін болады. АҚ абоненттерінің саны үстіміздегі жылы 104 мыңға жеткен. Оның 100 мыңы жеке, ал 4 мыңға жуығы заңды тұлғалар. |
Количество показов: 2613
Дата создания: 06.09.2012 11:03:12