Ақтөбеде ҰБТ нәтижесінде ең жоғарғы балл - 124
Биыл Ақтөбеде ұлттық біріңғай тестілеуде орташа балл 76,8 балды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 балға төмен. Дегенмен жекелеген пәндер бойынша оқушылардың білім деңгейі біршама артқан. Мәселен математикадан нашар нәтиже көрсеткендердің саны, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін азайған. Ұлттық біріңғай тестілеу сынағы елімізде биыл 10-шы рет өткізілді. Үстіміздегі жылы облыс бойынша 7 мыңға жуық түлек мектепті тәмәмдаса, соның 5 мыңға жуығы, яғни 69 пайызы біріңғай тестілеуге қатысып, 4 мың оқушы қажетті балды жинай алды. Тестілеу қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы 5-орында. Аудандардың арасында мұғалжарлықтар алда тұр. Орташа балл - 78,7. Сондай-ақ өткен жылы артта қалған әйтеке биліктердің биылғы нәтижесі жаман емес - 75,4. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Ал Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Шалқар аудандарының нәтижесі 2012 жылғы деңгейде. Дегенмен осыған дейінгі жылдармен салыстырғанда Ойыл, Байғанин, Темір аудандарының білім деңгейі біршама төмендеген. Ақтөбеде "Алтын белгіден" биыл 284 түлек үміткер атанған. Алайда соның 118-і, яғни 45 пайызы ғана өз білімдерін дәлелдеп шыққан. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. "Алтын белгі" саны жөнінен облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты алда келеді. Ең көп балл жинаған оқушы Ақтөбе қаласында тіркелді. №24 мектеп-гимназия түлегі Асылан Сайлауов 124 балл жинаған. Сондай-ақ біріңғай тестілеуде 1 мың түлек төмен нәтиже көрсеткен. Олардың қатарында "Алтын белгіден" үміткерлер де бар.
|
Количество показов: 2533
Дата создания: 13.06.2013 19:35:49