Ақтөбеде бокстан аймақтық іріктеу турнирі басталды
Ақтөбеде бокстан Қазақстан чемпионатына аймақтық іріктеу турнирі басталды. Оған еліміздің Батыс өңіріндегі төрт облыстан 50-ге жуық былғары қолғап шебері жиналған. Бүгін ақтөбелік боксшылар оралдық спортшылармен бақ сынасуда. Бұл жолғы аймақтық іріктеуде Ақтөбенің намысын 10 боксшы қорғайтын болады. Олардың қатарында Нұрбол Қалжанов та бар. 21 жастағы жерлесіміз осыған дейін ересектер арасында әлем кубогын иеленсе, 2010 жылы бокстан Азия чемпионы атанған. Бұл жолғы бәсекеде ол 56 келі салмақта бақ сынайтын болады. Былтыр өткен аймақтық бәсекеде маңғыстаулық боксшылар топ жарып, ақтөбелік спортшылар сүрінген болатын. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Облыстық бокс федерациясының вице-президенті Жәнібек Құлниязовтың айтуынша оған басты себеп- қажетті қаражаттың жоқтығы. Спорт маманы қаржының қолбайлау ететіні болмаса Ақтөбеде аймақтың абыройын асқақтататын боксшылар аз емес деп отыр. Ақтөбеде басталған іріктеу турнирі ересектер арасында өтуде. Яғни бәсекеге түсіп жатқан боксшылардың жасы 19-дан жоғары. Мықтылар 10 салмақ бойынша анықталады. |
Количество показов: 2289
Дата создания: 26.07.2013 18:38:47