Ақтөбеде бизнес форум өтті
Кәсіпкерлерге қашанда қолдау бар. Шаруасын енді ғана дөңгелеткен кәсіп иелеріне негізінен қандай көмектер беріледі? Ақтөбелік кәсіпкерлердің осы секілді көптеген мәселелері бүгін өткен қалалық "Шағын және орта бизнестің дамуын талдау және оның келешегі" атты бизнес форумда сөз болды.
Облыс бойынша шағын және орта бизнеспен айналысатын тұрғындар саны аса көп емес. Дерек бойынша 700 мың тұрғынның 27 пайызын ғана құрайды. Бұл-мардымсыз көрсеткіш. Мәселен, Еуропа елдері тұрғындарының 70 пайызының шағын бизнестері болса, Еуроодақта 20 млн-нан аса шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс жасайды. Елімізде жеке кәсіпкерлердің әлеуетін жақсарту үшін біраз жұмыстар атқарылуда. Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында президент құқық қорғау органдарына шағын және орта бизнесті бей-берекетсіз тексеруді қысқартуды тапсырды. Сондай-ақ облыстардағы кәсіпорындар салығы жергілікті бюджетте қалуы тиіс деді елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысының бұған дейінгі тапсырмалары бүгін ақтөбелік кәсіпкерлердің басын қосқан "Шағын және орта бизнестің дамуын талдау және оның келешегі" тақырыбында өткен бизнес форумда пысықталды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ақпаратына сәйкес, өткен алты айда белсенді кәсіпкерліктің саны 15 пайызға артқан. "Бизнес-кеңесші" бағдарламасы бойынша биыл 330 ақтөбелік кәсіпкерлік туралы мәлімет алу үшін семинарларға қатысқан. Соның арқасында өзімнің бизнесімді ашқым келеді дегендердің 10 пайызы дегеніне жете алыпты. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегі арқылы жыл сайын белсенді кәсіпкерлердің санын 2 мыңға жеткізу көзделген. Сондықтан "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде де тұрғындар тұрақты оқытылуда. Қалада шаруасын дөңгелетіп жүрген 21 мыңнан аса жеке кәсіпкер бар. Ал бес мыңдайы тіркелгенімен жұмысын көп ұзамай тоқтатқан. Және соңғы екі жылда бизнесін мал шаруашылығымен байланыстыратын ақтөбелік кәсіпкерлердің саны күрт азайып кеткен.
|
Количество показов: 2163
Дата создания: 11.10.2013 18:35:32