Ақтөбеде бір оқушы нашақор, 30 бала маскүнем
Мектептерде сабақтың басталуына санаулы күндер қалды. Бүгін кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті. Комиссия тәртібі нашар оқушылардың мәселесі және оларды бір мектептен екінші мектепке көшіру жайын қарады . Қалалық білім бөлімі басшысының оқушылардың мектепке дайындығы жөніндегі есебі тыңдалды. 3 ай демалыста қала мектептерінің оқушыларын қадағалау тоқтаған жоқ. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева бүгін өткен комиссия отырысында жақында жүргізілген рейд қортындысын жариялады. 1512 аула мен 47 бау-бақша ұжымы тексерілген. Бала тәрбиесімен айналысуды қойған отбасылар да көптеп анықталған. Тәртіп бұзған оқушылар да жетіп артылады. Бүгінде бір оқушының есірткі, 30-дан астам жасөспірімнің ішімдікке әуес болғандығы анықталып отыр. Бұл енді алдағы отырыстарда қаралатын сұрақтар болса керек. Жылдан жылға бала тәрбиесімен айналысқысы келмейтіндерді ата-ана құқығынан айыру дерегі өсіп барады. Осыдан 5-10 жыл бұрын дәл осы комиссияда мәселесі жиі қаралатын бұзық жасөспірімдердің алды қазір 2-3 баланың ата-анасы. Олардың балалары да тәрбиесіз, тәртібі нашар балалардың қатарын толтырып жатыр. Одан қалды қалаға жақсы өмір іздеп қоныс аударып жатқан әлеуметтік аз қамтылған отбасылар саны да көбейіп барады. Көрсеткіштердің солғын сипат алуының бірден бір себебі осы жағдайлар екеніне комиссия мүшелері кәміл сенеді. Қала әкімдігі мен қалалық білім бөлімі бірігіп, ондай мәселелерді шешуге тырысып жатқаны рас. Жергілікті банктердің бірі бүгінгі жиын барысында "Мектепке жол" акциясы шеңберінде аз қамтылған отбасы балаларына сый жасады. Әр оқушыға оқу құралына толы сөмкелер үлестірілді. |
Количество показов: 2543
Дата создания: 29.08.2013 18:26:06