Ақтөбеде алып нәресте дүниеге келді
Ақтөбеде алып қыз бала өмірге келді. Нәрестенің салмағы 6 келі 340 граммды құрады. Облыстық жедел жәрдем ауруханасының перзентханасында жарық дүние есігін ашқан шарана ақ халаттылардың таңданысын тудырды. Белгілі акушер- гинеколог Владимир Авраменконың отыз жыл қызметінде кездескен алғашқы жағдай бұл. Ал жетінші нәрестесін аман - есен бауырына алған 36 жастағы келіншектің қуанышында шек жоқ. Бибігүл Тоқмамбетованы Әйтеке би ауданының дәрігерлері жүктіліктің соңғы мерзімінде облыстық жедел жәрдем ауруханасының перзентханасына бағыттаған. Іштегі шаранасының ірі болатындығын біліп, алдын - ала қамдану керектігін ескерткен. Ерекше сәбиді анасы бүгін таңертең дүниеге әкелді. Отыз алты жастағы келіншек ота жасауға өзі келіскен. 6 келі 340 грамм салмақпен туған шақалақ және оның анасы қазір ақ халаттылардың жіті қадағалауында. Бұл бөбек әйтекебилік Қожановтар отбасының жетінші перзенті. Көп балалы шаңырақтың тұңғышы 17 жаста. Біздің түсіру тобы жеткен уақытта жақсы хабарды туғандары да естімеген. Ұзақ отадан енді ғана ес жиған Бибігүл Тоқмамбетованың қуанышында шек жоқ. Жас босанған ана сәбиімен бірге облыстық жедел жәрдем ауруханасының перзентханасында толық медициналық тексеруден өтеді. Оларды үйлеріне шығару мерзімі де содан соң белгілі болады. |
Количество показов: 2186
Дата создания: 11.09.2013 19:56:53