Ақтөбеде қағаз шуы акциясы жалғасуда
Ақтөбеде сәуір айының басында басталған қағаз шуы акциясы одан әрі жалғасуда. Осы шара барысында ұйымдастырушылар 150 тоннадан астам қағаз қалдықтарын қабылдаған. Акцияға қаламыздың 74 мектебі атсалысып жатыр. Қағаз қалдықтарын қабылдаудан №24 орта мектеп ұжымы әзірге алдыңғы орында. Бұл білім ошағы 3 апта ішінде 7 тоннадан астам қағаз қалдығын тапсырған. Бұл көрсеткішті мектеп басшылары ай соңына дейін 10 тоннадан асырамыз деп отыр. Мұндағы қабылданған қағаздар алдымен сұрыпталады. Әдеби кітаптар немесе басқа да құнды дүниелер табыла қалған жағдайда бірден иесіне қайтарылады. Сүйікті шаһарымызды күл-қоқыстан тазартудың мұндай әдісі қалалық мәслихат депутаттарының тың бастамасы. Қағаз жинау шарасын халық қалаулылары жарыс түрінде өткізуде. Ал қағаздан түскен қаражат қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады. Сондай-ақ ескі қағаздарды көп тапсырған білім беру мекемелеріне спорттық құралдар сыйға беріледі. Бастамашы топ мүшелерінің айтуынша Ақтөбеде ескі-құсқы қағазды қайта өңдеумен айналысатын бірқатар компаниялар бар. Сондай-ақ ресейлік бірнеше кәсіпорын да жиналған қағаз қалдықтарын сатып алуға ниет білдірген. Қазір макулатураның әр тоннасын 8 мың теңгеден қабылдайтын Ақтөбеде 2 бекет жұмыс жасайды. Оның бірі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда, ал екіншісі Пушкин атындағы саябақта орын тепкен. |
Количество показов: 2121
Дата создания: 23.04.2013 19:32:06