Ақтөбеде 5 ауылдық округ әкімі сайланды
Бүгін Ақтөбеде аудандық маңыздағы қалалар және ауылдық, селолық округтердің әкімдері сайланды. Оған облыс бойынша 431 кандидат тіркелген. Бұл саяси шараға атсалысуға қалалық мәслихат депутаттары қала әкімдігіне таңертеңнен бастап жиналды. Ақтөбе қаласына қарасты Благодар, Қурайлы, Қарғалы, Новый және Сазды ауылдық округтерінің әкімдігіне әрқайсысына 3 кандидаттан барлығы 15 үміткер тіркелген. Оның 13-і ер азамат, ал екеуі әйел. Барлық кандидаттардың мемлекеттік қызмет өтілдері бар, білімдері жоғары. Қазақстан республикасының сайлау заңнамаларына сәйкес олардың барлығын қала әкімі жергілікті қауымдастықпен кеңесе отырып баламалы негізде ұсынған. Қалалық мәслихатта 22 депутат болса, бүгінгі шараға соның 21-і келді. Сондай-ақ дауыс беру процесін қадағалауға саяси партиялардан екі бақылаушы қатысты. Алдымен халық қалаулыларына ауыл әкімдігіне үміткерлердің толық тізімі таныстырылды. Одан әрі таңдаушылардың әрқайсысына 5 ауылдық округтің әкімін сайлауға құқық беретін 5 бюллетеннен берілді. Осылайша жанама сайлау құқы негізінде жасырын дауыс беру таңертеңгі сағат 9-да басталды. Арада 1 сағат өткенде арнайы хаттама толтырылып, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру нәтижесін жариялады. Сайлау қорытындысында аталған бес ауылдық округтің бұрынғы әкімдерінің өз орындарында қалғаны белгілі болды. |
Количество показов: 2269
Дата создания: 07.08.2013 18:53:34