Ақтөбе әуежайына қонған "Ан-26" әскери ұшағынан өрт шықты
Ақтөбе әуежайында тағы да төтенше жағдай. Бүгін "Болашақ" шекара заставасының басшысы Алмат Қазыбаевтың мүрдесі тиелген әскери ұшақ өртке орана жаздады. Оқиға бүгін таңғы сағат 11-лер шамасында орын алған. Ан-26 әскери ұшағы бүгін таңертең қаламызға Ақтау қаласынан ұшып жеткен. Алмат Қазыбаевтың мүрдесі тиелген ұшақ Ақтөбеден одан әрі Павлодар қаласына аттанбақ болған. Алайда осы мезетте Ан-26 әскери ұшағында оқыс оқиға орын алды. Ұшақты оталдырған сәтте оның сол жақ моторынан өрт шыққан. Алайда Ақтөбе халықаралық әуежайының басшылары болған жағдайға байланысты басқаша пікірде. Олардың айтуынша ұшақта өрт болмаған, тек түтін ғана шыққан. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметі қызыл жалынды бірден ауыздықтаған. Қазір болған жағдайға байланысты көліктегі ішкі істер басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізуде. Ұшақта барлығы 21 адам болған. Оның бесеуі экипаж мүшелері. Сондай-ақ жолаушылардың арасында марқұмның туған-туысқандары да бар. Жолаушылардың барлығы да дін аман. Құтқарушылар оларды бірден қауіпсіз жерге көшірген. Естеріңізге сала кетсек "Болашақ" шекара заставасының басшысы 26 жастағы Алмат Қазыбаев көлік апатынан көз жұмған болатын. Қайғылы оқиға Маңғыстау облысында Құрық-Жетібай тас жолында орын алған. "Мерседес-Бенц" көлігін тізгіндеген шекара қызметінің капитаны рөлге ие бола алмай, соның салдарынан көлік аударылып, екі адам көз жұмды. Ал көлікте болған тағы екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. |
Количество показов: 1916
Дата создания: 24.07.2013 17:59:38