Ақтөбе облысының делегациясы іскерлік сапармен Орынборға барып қайтты
Ақтөбе облысының делегациясы жуырда іскерлік сапармен Орынборда болып қайтты. Көрші аймақтар басшылары сауда - экономикалық байланысты нығайтып, екі өңір арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Ақтөбеліктер ресейлік әріптестері назарына облыста жақын уақытта жүзеге асырылатын ірі жоғары технологиялық жобаларды ұсынды. Бұл - никель, шыны және цемент зауыттарының, тау-кен байыту комбинаты құрылысының жобалары. Ал, көршілер бізге қарағанда, инвестицияны әлеуметтік сала мен ауыл шаруашылығына жұмсау керек деп шешіп отыр. Әкімнің бірінші орынбасары ресейлік әріптестері назарына біздің өңірде жақын арада іске асырылатын жобалар туралы да айтып берді. Және орынборлық инвесторларды Қарғалы ауданында салынып жатқан никель зауытының құрылысына, жылына 600 тонна кальцийлендірілген сода шығаратын шыны зауытының құрылысына, құны 246 миллион доллар тұратын цемент зауытының құрылысына қаржы құюға шақырды. Ресейлік тарап та қарап қалмады. Болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Көршілер алдымен екі ел шекарасы арасында кедендік тексерулердің жеңілдетілгеніне қарамастан, күнделікті сұранысқа ие тауарлар айналымының әлсіздігін айтты. Орынборда "Қазақстан", ал Ақтөбеде "Орынбор" сауда үйлерін салу керек деген ұсыныс білдірді. Бұған қоса, ресейліктер біздің инвесторлардың қаражатын әлеуметтік салаға жұмсауды ойластырып отыр. Нақты айтқанда, олар көп салалы балалар клиникалық ауруханасын, перинаталды орталық пен білім беру мекемесін салуды жоспарлады. Ал, жаз келісімен, екі өңір жұмылып шегірткемен күреске шықпақ. Бірнеше уағдаластыққа келген соң, тараптар тарқасты. Ресейліктер "Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық" кәсіпкерлік көрмесіне қатысу үшін қазан айында біздің қалаға келеді. |
Количество показов: 2035
Дата создания: 27.05.2013 17:54:19