Ақтөбе мен Орынбор мамандары шегірткемен бірлесіп күреседі
Үйірлі шегірткелер мамандардың үрейін ұшырды. Тұқымымен көзін жою мүмкін болмағанымен, екі ел бірлесіп күрессек, шабындыққа келер зиянды азайтамыз дейді мамандар. Биыл зиянкестерге қарсы шараларды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 77 млн теңге қаражат бөлінді. Оған қосымша қаражат тағы да қажет болатын сыңайы бар. Биыл ауа - райының күрт суытып, жылынуы салдарынан шегірткелерге үш кезең бойынша жан біткен. Мамандар алғашқы легінің көзін жойғанымен, соңынан іле - шала дернәсілдерін шұбыртып екі қайтара шабындық жерлерге жайылып кеткен. Сондықтан болар өңірімізге зиянкестермен күрес үшін бөлінген қаражат аздық етіп отыр. Егіннің сау - тамтығын қалдырмайтын үйірлі шегірткелерді улау жұмыстары 20 мамырда басталған. Зиянкестер он екі жылда бір мәрте өріп кетеді. Қауіп осы жылға сәйкес келіп тұр. Көрші Ресейде де ахуал күрделі. Сондықтан биыл Ресеймен екі арада өзара келісім жасалды. Қашықтық талғамайтын жәндіктер үшін алыс- жақын шекараның айырмашылығы жоқ. Сондықтан екі тарап зиянкестердің дернәсілдері шоғырланған аумақтарды зерттеп, олардың көбею қарқынын анықтау үшін жұмыс жүргізуі тиіс. Алайда Қазақстан тарапы Ресейді сынға алып отыр. Жұма күні Ақтөбенің Қарғалы ауданында Орынбор облысының ауыл шаруашылығы министрімен кездескен Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Сақташ Хасенов әріптестеріне кеңестік әдістен бас тартпауды ұсынған. Ол сонымен қатар залалсыздандыру толыққанды жүргізілмей отырған көрші елден шегірткелердің бізге көшіп жатқанын да алға тартты. Ресейлік мамандар қазір препараттар алу үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі шешіліп жатқанын жеткізді. Ал биыл ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінен 150 мың гектар аумаққа қаражат қарастырылған. 30 мың гектар алқаптың қауіпсіздігін сақтау жергілікті бюджет үлесінде. |
Количество показов: 2030
Дата создания: 17.06.2013 18:18:54