"Ақтөбе" мен "Хедд" матчына билет сату басталды
Бүгін таңертең "Ақтөбе" мен "Хедд" футбол клубтары арасындағы матчтың билеттері сатылымға шығарылды. Кассалар ашылмай жатып, футболқұмар ақтөбеліктер таңнан кезекке тұрып, алыпсатарлар жеткенше билетке қол жеткізуге асықты. Төртінші жыл қатарынан Еуропа Лигасының іріктеу кезеңдерінде ойнап жүрген "Ақтөбе" футбол клубы жанкүйерлерді әлемдік аренадағы кішігірім жеңістерімен қуантып келеді. Жергілікті команда бейсенбі, 25-шілдеде өз алаңында норвегияның "Хедд" клубын қабылдайды. Екі күннен кейін өтетін матчқа билеттер бүгін ғана саудаға шығарылды. Стадион жанындағы кассалардың бесеуі де жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан, кезегін күтіп тұрған халық көп. Жанкүйерлер арасында тәртіпсіздік туындай қалса деген күдікпен касса маңына темір қоршау қойылып, полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Осы жерде жедел жәрдем көлігін де байқадық. Билеттің құны ересектер үшін - 1 мың теңге. Сатылымда балалардың билеттері де бар. Бірақ, 500 теңгелік билеттермен тек стадионның солтүстік және оңтүстік трибуналарынан орын беріледі. Оған жанкүйерлердің көңілдері түсіп тұрған жоқ. Ақтөбеліктер туған командаларының жеңісіне толықтай сенімді. Өткен жексенбіде "Қайрат" клубымен кездескен кезде тізесін жарақаттап алған беткеұстар шабуылшымыз Александр Гейнрих "Хеддпен" өтетін матчқа қатыса ма? Жанкүйерлерді қазір осы сұрақ мазалайды. "Ақтөбе" клубының ресми сайтында жазылғандай, команданың дәрігерлері кеше футболшыны медициналық тексеруден өткізген. 50-ші нөмірлі ойыншы норвегиялықтармен кездесуге дейін жарақатынан айығуы тиіс. Ақтөбеліктер бұл ойында Марат Хайруллин, Тимур Кападзе, Александр Гейнрих, Асхат Тағыберген мен Сергей Давыдовқа сеніп отыр. |
Количество показов: 1969
Дата создания: 23.07.2013 18:50:17