"Ақтөбе" мен "Динамоның" бірінші кездесуі 2:3 есебімен аяқталды
Еуропа Лигасының плей-офф раундындағы "Ақтөбе" мен "Динамоның" бірінші кездесуі 2:3 нәтижесімен тәмамдалды. Киевтің азулы командасын өз алаңында қабылдаған ақтөбеліктер жанкүйерлерді жерге қаратпады. О бастан фаворит саналған клуб қақпасына екі гол салып, лайықты қарсылас бола алды. Өркөкіректік танытып, қазақстандық клубтан қарқынды ойын күтпеген украиндықтар жеңіске көңілдері толмай елдеріне қайтты. Украиндықтар ойынның алғашқы минуттарынан-ақ Сидельников күзеткен қақпаны шабуылдай жөнелді. Ақтөбеліктер қорғаныста жатып алды. Шапшаңырақ гол соғуға ұмтылған "Динамо" дегеніне жетті. Он алтыншы минутта оң жақтан төмендете келіп, "Ақтөбе" қақпасына Андрей Ярмоленко доп енгізді. Голдан кейін ақтөбеліктер есін жинап, қарымта шабуылға көшті. Алдымен, сегізінші нөмірлі ойыншымыз Сергей Давыдов қақпаны көздеп еді, бірақ, доп қорғаушылардың аяғында оралып қалды. Алаң иелері шабуылды тоқтатқан жоқ. 35-минутта Гейнрих допты алыстан әкеліп, қақпаға бағыттай бергенде динамолық ойыншыға түйісіп, айып соғуға мүмкіндік алды. Кападзе, Хайруллин, Гейнрих үштігі допты айналдыра теуіп, "Динамо" қорғаушыларын алдап соқты. Доп қақпада, есеп теңесті. Алғашқы голды ақтөбеліктер ойыннан тыс қалған қорғаушымыз Эмиль Кенжесариевке арнады. Бірінші таймның соңы мен екінші таймда біздің ойыншылар бірнеше мәрте қауіпті сәт туғызғанымен, нәтиже болмады. Ал сенімді түрде шабуылға көшкен "Динамо" 52-ші минутта есепті 1:2-ге жеткізді. Арада бес минут өтіп, Киев аяқдопшылары есепті 1:3-ке дейін еселеді. Гол авторы - Юнес Беланда. Доп айырмасының ұзарғаны "ақтөбеліктерді" қамшылады. 65-ші минутта Гейнрих аяғынан сәтті шығып, Арзуманян арқылы жеткен допты Хайруллин алыстан Шовковский қақпасына тура енгізді. Есеп 2:3. Мақтаулы шәкірттерінің ақтөбеліктерімен тең деңгейде өнер көрсеткенін "Динамо" клубының бас бапкері Олег Блохин мойындамады. Матчтан кейінгі баспасөз-мәслихатында ол "Ақтөбенің" ойынына таң қалмағанын, керісінше, "динамолықтардың" нашар ойнағанын айтты.
"Шабуылды күшейттік, енді қорғанысты бекемдеуіміз керек". "Ақтөбе" клубының бас бапкері Владимир Никитенко қарымта матчта осыған мән бермек.
Баспасөз-маслихаты өтіп жатқан кезде ақтөбелік жанкүйерлер стадион маңында ойынға төрелік еткен бас төрешінің әрекетіне наразылық шарасын өткізді. Олар ойыннан тыс соғылған қарсыластардың голын есепке алды деген пікірде. "Динамо" автобусын қаумалаған футбол сүйер қауымды полиция қызметкерлері тәртіпке шақырды. Ашынған жанкүйерлер енді басты даңғылға жүгіріп шығып, украиндық көліктің жолын бөгеуге тырысты. Айта кетер жайт, ойын алдында екі елдің жанкүйерлері қаладағы банктердің бірінің алдында қақтығысып қалған. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдиннің хабарлауынша, тәртіп сақшылары дер кезінде жетіп, төбелесті тарқатқан. Ойыннан кейінгі ереуіл төбелессіз аяқталды. "Ақтөбе" мен "Динамо" арасындағы қарымта матч 29 тамыз күні Киевте "Олимпийский" стадионында өтеді.
|
Количество показов: 2016
Дата создания: 23.08.2013 19:09:19