Ақтөбе медресесін биыл 8 түлек тәмамдады
Орта мектептер секілді Ақтөбе медресесі де биыл түлектерді үлкен жолға салтанатпен шығарып салды. Мұсылманша діни білім беретін оқу орнының құрылғанына биыл бес жыл. Онда елдің түкпір-түкпірінен жиналған ер балалар сауат ашады. Медресені бітіргендер діни қызметкер де, орта мектепте дінтану пәнінен сабақ беретін мұғалім де бола алады. Ақтөбе медресесін осы жылы 8 бозбала бітіріп шықты. Оның үшеуі қолдарына қызыл диплом алды. Демек, үздіктері Құран сүрелерін жатқа біледі, араб тілінде еркін сөйлей алады деуге негіз бар. Сондай-ақ 3 жыл ішінде балалар ислам тарихы мен шариғат заңдарын оқыды. Ақтөбеде медресе осыдан 5 жыл бұрын ашылды. Қазақстан білім және ғылым министрлігі берген лицензиясы бар. Алғашында "Нұр ғасыр" мешітінде іргесі қаланды. Кейін Бестамақ елді мекенінде жеке ғимаратқа көптің көмегімен қол жеткізді. Бюджет және демеушілер қаржысына алынған ғимарат жөнделіп, сыныптар жасақталған. Мүфтият арқылы оқытушылар шақыртылды. Ұстаздардың барлығы Мысырдағы ең көне, әрі ислам әлеміндегі мәртебесі биік Альазхар жоғарғы оқу орнының түлектері. Айта кеткен жөн, медресе бір жағынан теріс діни ағымның жетегінде кете жаздаған ақтөбелік жастарды түзу жолға салуға септік еткен білім ордасы. Ондай балаларды мұнда ата-аналары, аудандағы имамдар жетектеп әкелген. Және медреседегі оқуды тастап кету жағдайлары орын алып көрмеген. Биыл медресені қызыл дипломмен бітірген түлектердің бірі бір уақыттары күдікті миссионерлердің тыңдаушысы болған. |
Количество показов: 3073
Дата создания: 24.06.2013 18:39:23