"Ақтөбе" командасының жанкүйері жүрек ауруына ұшырады
Жүрек аурулары жасарып барады. Аймақтық кардиоорталықта ем қабылдап жатқан науқастардың 30 пайызы - жастар. Ақ халаттылар соңғы рет 27 жастағы жігіттің жүрегіне ота жасаған. Бұл жайт ақтөбелік дәрігерлерді қатты алаңдатып отыр. Ер азаматтар күтінбесе, жастайынан мүгедек атануы ғажап емес. 34 жастағы Руслан Доспамбетов - кардиоорталыққа осыдан бес күн бұрын ауыр инфарктпен жеткізілген. Бір-екі рет шаншығаны болмаса, жүрегім бұрын-соңды мазаламайтын еді, дейді науқас. Құрылыста жұмыс жасайтын жігіттің кешке үйге келген соң, кеуде тұсы ауырып, жүрек соғысы кенеттен жиілеп кеткен. Ауруы жанына батқан кезде азамат жолдан көлік тоқтатып, жедел жәрдем ауруханасына жеткенде есін бір жиған. Жедел жәрдем ауруханасынан науқас осы кардиоорталыққа ауыстырылды. Русланның жүрегіндегі басты үш тамыр зақымданған. Оған аорто-коронарлық шунтирлеу отасы тағайындалды. Дәрігер Гүлмира Тойшығұлованың айтуынша, 34 жасында мұндай инфаркт алу аса қауіпті. Кардиолог-дәрігерлер науқастардың қатары жасарып бара жатқандығына алаңдаулы. 3-4 жыл бұрын жүрек дертіне шалдығатындар 50 жастан асқандар еді. Қазір жасы 25-27-дегілердің осы ауруға шалдығуы ешкімді таңқалдырмайтын болды. Бұрын дерт алдымен жүректің шаншуы арқылы байқалатын. Енді жастар көп жағдайда бірден инфаркт алып, ауруханаға түседі. Күйзелістен бөлек, жүрекке шектен тыс қуаныш та әсер етеді. Мәселен, жақында кардиоорталықта футбол жанкүйері ем алған. 38 жастағы азамат "Ақтөбе" футбол клубының исландық "Брейдаблик" командасын жеңген кезде қуаныштан жүрегі тура мағынасында "жарыла" жаздаған. Нәтижесінде, ол аурухана кереуетіне таңылды. Бүгінде кардиоорталықтағы төрт бөлімшені қосқанда 40 кереует болса, оның ешбірі бос емес. |
Количество показов: 2241
Дата создания: 09.09.2013 18:13:27