"Ақтөбе" командасының қорғаушысы Эмиль Кенжесариев Алматыда таяққа жығылды
Алматының орталығында "Ақтөбенің" ойыншысы Эмиль Кенжесариевті сабап кетті. Оқиға 10-шы тамыз күні болған. Футболшы ес-түссіз күйде көшеде ұзақ уақыт жатып қалған. Жақында ғана исландиялық "Брейдабликке" қарсы ойында гол салған жас қорғаушы басынан қатты соққы алған. 11 тамыз күні оған Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасында ота жасалды. Қазір жас ойыншыны ес-түссіз қалдырған қылмыскерлерді іздестіру шаралары жүріп жатыр. Эмиль Алматы қаласының жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Қазір оның жағдайы ауыр. «Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Никитенко «Кенжесариев пен команда мүшелеріне сейсенбіге дейін демалыс бергенмін. Қазір команда жаттығуды бастады. Ал Кенжесариевке көмекке команданың дәрігерлерінің бірі кетті» деп мәлімдеді. Кәсіпқой футбол лигасының басшысы Михаил Гурманның "Спортс.кз" сайтына хабарлауынша Эмиль Кенжесариев бас сүйегінің самай бөлігінен бір соққы алған. Мұндай соққыдан көбіне адам тіл тартпай кетеді екен. Қазір Эмиль жансақтау бөлімінде жатыр. Жанашыр жанкүйерлер кәсіпқой футбол лигасының кеңсесіне үзбей хабарласып жатқан көрінеді. 26 жастағы ойыншының соққыға жығылуы ақтөбелік жанкүйерлердің де жанына батып отыр. Осыған байланысты арнайы баспасөз-мәслихатын өткізген клуб президенті Сағат Еңсегенұлы да Эмильдің денсаулығына алаңдаулы екенін жеткізді. Осы іске қатысты алматылық құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Эмильге көмек көрсетуге тапсырма берген. Сағат Еңсегенұлының айтуынша, 26 жастағы қорғаушымен 2-3 жылға келісім шартты ұзарту жоспарланған. Оған Кенжесариев келіскен де. Еуропа Лигасында сәтті ойын көрсетіп жүрген Эмиль Кенжесариев "Ақтөбенің" жетекші ойыншыларының бірі. Оны жанкүйерлер де жылы қабылдайды. Айта кетейік 22 тамызда "Ақтөбе" өз алаңында киевтік "Динамомен" тартысты ойын өткізбек. Бүкіл қазақстандықтар көз тігіп отырған бұл ойынға Эмиль қатыспайтын болды. |
Количество показов: 2070
Дата создания: 14.08.2013 18:30:17