Ақтөбе халқы Әлияны еске алды
Ақтөбе халқы қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға тағзым етуді ұмытқан жоқ. Әлияның ерлігіне бас июді парыз деп білетін тұрғындар таңертең мемориалды кешенге ағылды. Облыс әкімі бастаған көпшілік мерген қызды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қазақ халқы үшін, ақтөбеліктер үшін Әлияның орны бөлек. Қобда жерінде туылып, Неваның суын ішкен, жастайынан өжет өсіп, майданға өздігінен сұранған, жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған батыр қызды Ақтөбе елі мақтан етеді. Әлияның туған күні - маусымның 15-де, ерлікпен қаза болған күні - қаңтардың 14-де және Жеңіс мейрамында қаһарман қыздың ескерткішіне келіп, тағзым етуді тұрғындар перзенттік парыз санайды. Бүгін облыс және қала басшылары бастаған жұртшылық бір минут үнсіздікпен Әлияның ерлігін тағы да еске түсірді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен қала басшысы Ерхан Омаровтың атынан, облыстық және қалалық мәслихаттар, Әлия музейі, білім, денсаулық сақтау басқармалары атынан гүл шоқтары қойылды. Әлияның құрметіне әдемі гүл шоғырларын шаһардағы барлық ірі кәсіпорындар мен мекемелер, оқу орындары басшылары да әкелді. Еңбек ардагері Бәтима Қойшығұлова бір тал қалампыр гүлін Әлияның ескерткішіне ел тараған соң, келіп қойды. Сұм соғыстың салқыны Бәтима әжейдің жанұясына да тиген. Жеті жасында әкесі соғысқа кетіп, содан оралған жоқ. Атадан жалғыз қалған қыз қиын шақта барлық балалар секілді еңбек майданына ерте араласты. Қазір Бәтима әжей бақытты. Төрт баласынан тараған ұрпақтары ашық аспан астында тыныш өмір кешіп жүр. Бейбіт заманға шүкіршілік етіп, алғыс айту үшін кейуана Әлияның ескерткішіне жиі келіп тұрады. Өйткені, бүгінгі Жеңіс - Әлияның да Жеңісі! |
Количество показов: 2157
Дата создания: 09.05.2013 17:10:32