"Ақтөбе" ФК Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің келесі кезеңіне жолдама алды
Ақтөбе жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ. Кеше Еуропа лигасы іріктеу кезеңінде Арменияның "Гандзасарымен" қарымта кездесу өткізген жергілікті команда жеңіске жетті. Есеп 2:1. Келесі айналымға жолдама алған "Ақтөбені" енді Норвегияның "Хедд" футбол клубы күтіп тұр. "Ақтөбе" футбол командасының өз алаңындағы әрбір ойынын қалалықтар асыға күтеді. Ел біріншілігі аясындағы ойындарды былай қойғанда, Еуропа Лигасына іріктеу матчтарын тамашалау - үлкен мереке. "Ақтөбе" мен "Гандзасардың" ойынын тамашалағысы келгендердің бәрін Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға сыйдыру мүмкін емес. Кешегі матчта бұл мәселе де ескерілді. Алғаш рет стадион алдында үлкен экран орнатылды. Ішке енбей қалғандар, сырттан тамашалауға мүмкіндік алды. Қарымта матч әп-сәтте қарқын алды. Төреші ысқырығы естіле салғаны сол еді, нәтиже ұзақ күттірмеді. Оң қапталдан айып алаңына қарай тепкен Марат Хайрулиннің добын Тимур Кападзе әдемі іліп әкетіп, гол салды. Бұл-ойынның бірінші минуты болатын.
Қақпасына доп жіберіп алған армяндар мұнан соң шабуылға көшті. Ойындарын бірізділікке түсіріп қана қойған жоқ, капандықтар "Ақтөбенің" қорғанысын бұза жарып, алға ұмтыла бастады. Мелконян, Дашян және "Гандзасардың" капитаны Нарек Белгаряндар белсенді ойын көрсетті. Матчтың 35-ші минутында Нарек Бегларянның тепкен добы Андрей Сидельниковтің қақпасына тура тиді. Есеп теңескен сайын ақтөбелік жанкүйерлерден маза кете бастады. Атышулы 13-ші сектордағылар өз командасына қолдау көрсетті. Стадионға жиналған халық оларды лезде қолдай кетті. Кездесудің екінші таймында екі командада бір ғана мақсат болды- қайткенде де Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінің жолдамасын алу. Севада Арзуманянның шәкірттері барынша есепті теңестіруге тырысты. Бірақ, "Ақтөбенің" футболшылары матчтың екінші жартысында ойынға үстемдік ете бастады. 54-ші минутта Эмиль Кенжесариевтың доп бағыттауымен Тимур Кападзе екінші голын армяндар қақпасына енгізді. Таблодағы көрсеткішті көрген капандықтардың салы суға кетті. Қарымта матч 2:1 есебімен аяқталды. "Гандзасар" клубының бас жаттықтырушысы Севада Арзуманян "Ақтөбеге" сәттілік тіледі. Кеше "Ақтөбеден" бөлек "Ертіс" пен "Астана" клубтары қарымта матчтарын өткізген болатын. Сырт алаңда Болгарияның Ботевінен 5-0 есебімен ойсырай ұтылған "Астана" Еуропа лигасындағы ойындарды осымен аяқтайды. Павлодарлық "Ертіс" софиялық "Левскиді" 2-0 есебімен жеңді. Бір аптадан соң, павлодарлықтар Боснияның "Широки Бриег"клубын қабылдайды.
|
Количество показов: 2197
Дата создания: 12.07.2013 18:05:35