"Ақтөбе"- "Брейдаблик" матчына билеттер сатылып жатыр
Еуропа Лигасына іріктеу аясында өз алаңымызда өтетін матчтарға билеттер бірнеше сауда нүктелерінде сатылсын. Интернет сайты арқылы сатылымға шығарылсын. Бейсенбі күні болатын "Ақтөбе"-"Брейдаблик" матчының билетіне қол жеткізе алмай, сарылып кезек күткен жанкүйерлер Орталық стадион басшылығына осындай ұсыныс айтып отыр. Еуропа лигасына іріктеу аясындағы қазақстандық клубтардың ойынын республикалық арналар тікелей эфирден көрсетіп жүр. Алаңсыз, үйде теледидар алдында отырып тамашалауға мүмкіндік бар. Бірақ, стадиондағы атмосфера оған бергісіз дейді жанкүйерлер. Сол үшін кезекке кешкі сағат оннан тұрғандар да бар. Кешігіп кезек алғандардың соңғысы- таңғы жетіде келгендер. Кассаға жеткенше түс ауатынын сезіп, амалы таусылғандар басқа амалын іздей бастады. Билетке апаратын тура жолды-касса дүңгіршегінің төбесінен тапты. Қиымылы ширақтары қоршауды бұзып өтіп, дүңгіршекке өрмелеп шығып, қажет билетін сатып алды. Осы әдісті пайдаланғысы келген келесілердің әрекетіне тәртіп сақшылары кедергі келтірді. Иін тірескен халық қалайда билетке қол жеткізу үшін бірін-бірі итеріп әлекке түсті. Қалың топтың ортасында қалып, жүрегі қысылғандарға жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері көмек көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, бейсенбі күні жергілікті "Ақтөбе" футбол командасы Исландияның "Брейдаблигін" қабылдайды. Аталған клуб 2009 жылы Исландия Кубогын жеңіп алған. 2010 жылы Исландия чемпионы атанған. 2010 жылы алғаш рет еуропалық турнирге қатысуға мүмкіндік алған. Алайда, бірінші раундтан әрі аспаған. Шотландияның "Мазервелл" клубына есе жіберген. "Ақтөбе"- "Бредайблик" матчы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда сағат 21.00-де басталады. Бұл- "Ақтөбенің" Еуропа Лигасына іріктеу кезеңіндегі үшінші айналымдағы алғашқы кездесуі. |
Количество показов: 1986
Дата создания: 30.07.2013 18:55:37