"Ақтөбе" - "Брейдаблик" 1:0
Марат Хайруллинның пенальтиден соққан голы арқасында "Ақтөбе" футбол клубы кеше Еуропа лигасы үшінші іріктеу раундының алғашқы матчында жеңіске жетті. Жартылай қорғаушының тегеурінді соққысына исландиялық клубтың қақпашысы қарсы тұра алмады. Матчтың алғашқы минуттарында жылдам гол салу әдісіне бейімделіп жүрген біздің команда осы жолы да қарсыластарды бірден есеңгіретуге әрекеттенді. Ойынның тізгінін өз қолына алып, ақтөбеліктер "Брейдаблик" қақпасын қайта-қайта шабуылдады. Бірақ, қақпаны көзінің қарашығындай қорғаған Гуннлейфур Гуннлейфссон Арзуманян, Давыдов, Кападзе мен Хайруллин тепкен доптарды асқан шеберлікпен оп-оңай қағып алып тұрды. Екінші таймда исландықтар ойын қарқынын бәсеңдетіп алды. Біздің клуб керісінше, күшейе түсті. 63-минутта жасыл алаңға Роберт Арзуманянды алмастырып, мықты қорғаушымыз Эмиль Кенжесариев шықты. Он минут өткен соң, Сергей Ковальчукты мақтаулы қорғаушымыз Александр Гейнрих ауыстырды. Осы кезде ақтөбеліктердің алаңда доп иелену көрсеткіші 61 пайызға жеткен. Бірақ, қанша тырысқанымен жергілікті футболшылар үшін "Брейдаблик" қақпасының кілтін табу оңайға түскен жоқ. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда ғана Александр Гейнрих "Брейдабликтің" №7 ойыншысы Тордур Хрейдарссонмен соқтығысып, пенальтиге қол жеткізді. Стадион дүр сілкінді. Жанкүйерлер есептің ашылатынына сенімді. Пенальтиден соғу мүмкіндігі жартылай қорғаушы Марат Хайруллинге бұйырды. "Ақтөбе" футбол клубының "жүрегі" қателескен жоқ. Доп тура қақпаға еніп кетті. Есеп: 1:0. Матч соңында қос команданың бас бапкерлері ойыннан кейінгі дәстүрлі баспасөз-мәжілісінде ой-пікірлерімен бөлісті. Қарсыластарымыз енді бір апта уақыт демалады. Ал, біздің клубтың жорығы ішкі турнирде жалғасады. Еуропа Лигасы 3-ші іріктеу раундының аясындағы жауапты матч тамыздың сегізінде Исландияда өтеді. Оған дейін, яғни тамыздың төртінде біздің клуб ойыншылары Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өскемендік «Востокпен» кездеседі. |
Количество показов: 2083
Дата создания: 02.08.2013 18:52:58