Қағаз қалдықтары қабылданады
Халық қалаулылары ескі қағаз қалдықтарынан құтылудың жаңа амалын ойлап тапты. Депутаттар енді ескі қағаздарды өртеп немесе стихиялық қоқыстарды көбейтудің орнына оны тапсырып, табыс көзіне айналдыруға шақырады. Қалалық мәслихат депутаттарының бір тобы осы орайда Ақтөбеде арнайы акция ұйымдастырмақ. 1 сәуірден басталатын бұл шараға барлық білім ошақтары мен қала тұрғындары қатысуға мүмкіндік алады. Қағаз жинау шарасын халық қалаулылары жарыс түрінде өткізбек. Ал қағаздан түскен қаражат қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады. Сондай-ақ ескі қағаздарды көп тапсырған білім беру мекемелеріне спорттық құралдар сыйға беріледі. Бастамашы топ мүшелерінің айтуынша Ақтөбеде ескі-құсқы қағазды қайта өңдеумен айналысатын бірқатар компаниялар бар. Сондай-ақ ресейлік бірнеше кәсіпорын да жиналған қағаз қалдықтарын сатып алуға ниет білдірген. Халық қалаулылары жиналған ескі қағаз қалдықтарының әр тоннасына 5 мың теңге төленеді деп отыр. Осы мақсатта қала ішінде екі жүк көлігі қатынайды. Сондай-ақ Ақтөбеде қағаз қалдықтарын қабылдайтын 2 бекет ашылады. Оның бірі орталық алаң маңайында орналасса, ал екіншісі Пушкин атындағы саябақ айналасында орын теппек. |
Количество показов: 2699
Дата создания: 29.03.2013 18:40:15