Ағайынды үш жігіт кәріз құдығының ішіне түсіп уланып өлді
Ақтөбеде бір отбасы бір мезетте атпалдай үш азаматынан айырылды. Жіңішке бекетінің тұрғындары: 31,33 жастағы ағайынды жігіттер Қурайлы ауылы маңындағы ескі кәріз құдығына түсіп, метан газына уланып өлген. Тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Марқұмдар істен шыққан кәріз құбырларын металл қабылдау нысандарына тапсыру үшін қазып алмақ болыпты. Оқиға кеше күндіз орын алған. Жіңішке бекетінің бір топ жігіті қара металға қызығып, Қурайлы ауылы маңында жер астында жатқан ескі кәріз құбырын бөлшектеп шығарып алмақ болған. Сөйтіп, жеті азаматтың төртеуі алдын-ала қазып, дайындап қойған шұңқырға түскен. Арада уақыт өтіп, жер астындағылардан хабар болмаған соң, қарауылда тұрған жігіттер оларды өз беттерінше құтқаруға кіріскен. Кейін құтқарушыларды шақырған. Оқиға орнына жеткен жедел құтқару жасағының қызметкерлері құбыр ішінен 33 жастағы екі жігіттің және олардың 31 жастағы інісінің өлі денесін алып шықты. Болжам бойынша, құбырды бойлай 170 метр жүріп өткен олар кәріз құбырындағы метан газына уланған. Метан уыты тиген, бірақ, дер кезінде сыртқа шығарылған жасы 29-дағы жігіт ауруханада жатыр. Жағдайы ауыр. Қайғылы жағдай болған жер қазір қоршаулы тұр. Адам өміріне қауіпті деген жазуы бар тақтайша да орнатылған. Тереңдігі екі метрдей мына шұңқырдың ішінде металл іздеген тұрғындардың жеке заттары: аяқ киімдері мен қолшамдары сол күйі жатыр. Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, тұрғындар кәріз құбырының қаншалықты қауіпті екенін білмейді. Металл ұрлап, пайда қыламын деп, қатерге ұрынып жатады. "Ақбұлақ" мекемесіне тиесілі құбырлар былтыр ғана істен шығарылған. Содан бері металл іздегіштердің көз құрты. Кәріз тұрбаларын қарауылдар күзетсе де, бұл ақтөбеліктердің айла-әрекетіне тосқауыл болмай тұр. Кәріз жинақтаушы тоғанға дейін шамамен 5-6 шақырымға созылып жатқан ескі құбырларды мүлдем алып тастау мүмкін емес. Мекеменің бас инженері Нұрлан Елтаевтың айтуынша, көне және жаңа құбырлар бір-біріне жақын салынған, сәйкесінше зақымдануы мүмкін. Әрі, бұған қаражат та жоқ. |
Количество показов: 2184
Дата создания: 20.08.2013 18:38:37