84 жастағы зейнеткердің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды
Мәртөкте 84 жастағы зейнеткер әйелге қарақшылық шабуыл жасалды. Оқиға 18 қыркүйек күні кешкі сегіз жарымдар шамасында болған. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдиннің мәлімдеуінше, зейнеткер әйелді тонаған Мәртөк ауданының 24 жастағы бұрын сотталған тұрғыны. Қарақшы оның үйінің есігін бұзып кірген. Теледидар қарап жатқан қарияның тамағына пышақ тақап, ақша сұраған. Үйді тінтіп, ештеңе таппағаннан кейін ас үйдегі бал, тосап, тұшпара, шұжық пен нанды қолды қылған. Жәбірленуші шығынды он мың теңгеге бағалап отыр. Болған оқиғадан кейін кейуананың қан қысымы көтеріліп, дәрігерлер шақыртуға тура келген. Ал күдікті сол бойда ауылдасының ауласында тұрған "Иж-Юпитер" маркалы мотоциклін ұрлап алып, қашпақ болғанда ұсталған. Тінту барысында одан қарияны қорқытқан пышақ тәркіленген. Ол бұған дейін ұрлық үшін сотталған. Күдікті қамауға алынып, екі қылмыстық іс қозғалды. Қазір Мәртөк аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау қапасына қамалды. |
Количество показов: 1913
Дата создания: 20.09.2013 19:06:52