312-атқыштар дивизиясы даңғылындағы тұрғын үйге жаңа кәріз жүйесі жасалды
312-атқыштар дивизиясы даңғылының бойындағы үш қабатты үйдің тұрғындары жаңа жылды жаңа кәріз құдығымен қарсы алатын болды. Бұл үйге демеушілер қаражатына жерасты кәріз құбырлары тартылды. Нәжіс суынан арылған халықтың қуанышында шек жоқ. 312-атқыштар дивизиясы даңғылындағы үш қабатты үй қашанда даудың ортасында. Үш жыл бұрын тұрғын үйдің бір жақ бөлігі опырылып түскен еді. Әкімдік көмек көрсетіп, қалпына келтіріп берді. Ал, үйде мүлдем қарастырылмаған кәріз жүйесінің мәселесі сол күйінде қалып, тұрғындар жыл он екі ай нәжіс суының зардабын тартып келді. Биыл оның да шешімі табылды. Желтоқсанның 18-де тұрғын үй жанынан кәріз құдығы жасақталып, 27 пәтер түгелдей жаңа жүйеге қосылды. Көп жылдан бері лас судың ортасында отырған бұл үйге инженерлік желілерді тарту үшін бұл жолы бюджеттен бір тиын шыққан жоқ. Кәріз құбырларын өткізуге "СНПС Ақтөбемұнайгаз" компаниясы демеу болған. Инженерлік желілерді "Айкомсервис" мердігерлік мекемесі шамамен 8 миллион теңгеге өткізді. Бұған дейін халық қалдық суларды үй маңындағы шұңқырға төгіп жүрген. Көпке ұзамай толып қалатын шұңқырды күн ара 3 жарым мың теңге төлеп, арнайы көлікпен тазартып тұру керек еді. Тұрғындар енді бұл проблемадан біржола құтылды. Жаңа жыл қарсаңында жаңа құдыққа қол жеткізген тұрғындар мерекені еш уайымсыз тойлайтын болды. |
Количество показов: 2933
Дата создания: 26.12.2012 19:49:40