2012 жылы ақтөбелік кеденшілер 150 контрабандалық қылмыскерді құрықтады
Өткен жылы ақтөбелік кеденшілер контрабандалық қылмысқа қатысты 150-ден астам деректі анықтаған. Осының арқасында мемлекет мүддесіне 1 млрд. 170 млн. теңге өндірілді. 2012 жылы шет елдік қымбат көліктерді контрабандалық жолмен тасыған 14 азамат ұсталған. Қымбат көліктердің барлығы да Европа елдерінен әкелінген. Қылмыстық деректердің басым көпшілігі автокөліктердің шанақ нөмірлерін өзгертуге қатысты. Ал бірқатары қозғалтқыштың нөмірін бұрмалау арқылы жалған құжаттар жасаған. Соңғы кездері шет елдік көліктердің бағасын жасанды жолмен өсіретіндердің қатары көбейген. Осындай алаяқтардың кесірінен қаламызға келген темір тұлпарлардың бағасы да қымбаттауда. Ал, енді бірқатары түрлі салық жеңілдіктерін пайдалану үшін алған автокөліктерінің бағасын арзандатуға тырысады. Былтыр контрабандалық қылмысқа қатысы бар 29 тұлғаның үстінен іс қозғалған, 132 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Контрабандалық қылмысқа қатысы бар деп айыпталғандардың көбісі халық тұтынатын тауарларды жасырын жолмен әкелетіндер. Мәселен 2012 жылы кеденшілер Ақтөбе әуежайында құны 1 млрд. теңгені құрайтын 4 мың құндыз ішікті заңсыз тасымалдаған алматылық азаматты қолға түсірген. Дереу қылмыстық іс қозғалып, келтірілген шығындар мемлекет мүддесіне қайтарылды. |
Количество показов: 2064
Дата создания: 10.04.2013 19:04:20