168 студент облыс әкімінің біржолғы ақшалай стипендиясына ие болды
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бүгін Ақтөбедегі жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан 168 студентке 100 мың теңге көлемінде ақшалай стипендия табыстады. Сыйақыға ие болғандар көп балалы отбасынан шыққан, оқуда озат, қоғамдық және мәдени өмірге белсене араласып жүрген жастар. Салтанатты шара "Нұр Отан" ХДП АОФ ғимаратында өтті. Оған қаладағы ЖОО-ның студенттері, белсенді жастар жиналды. Облыс әкімінің бір жолғы стипендиясы жыл сайын тағайындалады. Биыл оған 168 студент лайық деп танылды. Марапатқа ие болғандардың бірі Жазира Түлкібай Қ. Жұбанов атындағы АМУ жаратылыстану факультетінің 3-курс студенті. Оның оқу ақысы бір жылға 205 мың теңге. 5 баланың ортасында өскен Жазира былтыр үздік оқып, университет ректорының грантын алып, 50 пайыз оқу ақысынан босатылған. Өзінің алдындағы ағасы да Жұбанов университетінде 4-курс студенті. Ол да ақылы негізде білім алып жатыр. Ата-анасына күш болмайын деген Жазира сынақ кітапшасына төрттік баға түсірмеуге тырысады.
Сондай-ақ 2011-ші жылдан бері облыс әкімінің 3 жылдық гранттары тағайындалды. Бұл грант 9 студентке берілген. Олар оқу бітірген соң аудан әкімдіктері мен оқу орындарының арасында жасалған келісім-шарт негізінде еңбек жолдарын ауылдарда бастайды.
|
Количество показов: 2260
Дата создания: 29.04.2013 18:58:44