11 ықшам аудандағы кәріз суын сорғылау бекеті жаңартылады
11 ықшам аудандағы кәріз суын сорғылау бекеті жаңартылады. 38 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілгелі отырған ғимараттың әбден тозығы жеткен. Шағын аудандағы мекемелер мен тұрғын үйлердің кәріз суларын қабылдайтын бекеттің өнімділігі тәулігіне 10 мың текше метр. Инвестициялық бағдарлама бойынша жөндеу жасалатын бекетке қосымша жаңадан сорғылау құрылғылары әкелінбек. Пайдалануға 1985 жылы берілген кәріз суын сорғылау бекеті 11 ықшам аудан тұрғындарының пайдасына жарап тұр. 68 пайызға тозып тұрған нысан біраз жылдан бері мардымды жөндеу көрмепті. "Ақбұлақ" АҚ-ның иегіліндегі нысанға болашақта инвестициялық бағдарлама бойынша бөлінген қаражатқа энергия қуаты ресурстарын үнемдегіш технология қондырылмақшы. Болжамға сәйкес электр қуатын тұтыну 129 мың 600 киловатқа азаяды. Әзірше сумен қамтамасыз ету, кәріз суын шығару, сорғылау құрылғылары жаңартылып жатыр. Желдеткіш жүйелері жөнделіп, төбесі, ішкі қабырғалары ауыстырылған. Бүгін кәсіпорынның инвестициялық бағдарламаларды орындау барысына табиғи монополияларды реттеу агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері бақылау жүргізді. Онда технологиялық құбыр желілерінің сапасына көп көңіл бөлінді. Инвестициялық бағдарлама бойынша "Ақбұлақ" АҚ-на алдағы үш жылға су құбырларын жөндеуге 1 млрд 600 млн теңге бөлініпті. Ол қаражат 814 шақырымға созылып жатқан құбырды жөндеуге толықтай жетпейді. Мердігер компанияның дерегіне сүйенсек қаладағы кәріз және су құбырларының 460 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Жыл соңына дейін оның 51 шақырымы ғана жөнделмек. Айта кетелік, кәріз суын сорғылау құрылғыларын жаңарту судың бағасына еш әсер етпейді. Қалада ауыз судың бағасы 80 теңге 40 тиын. Бұл баға үш жылға дейін еш өзгеріссіз сақталады. Себебі судың тарифы ағымдағы жылы 20 пайызға көтерілген болатын. |
Количество показов: 2035
Дата создания: 27.08.2013 18:35:33