11 ықшам ауданда 60 отбасы ыстық сусыз отыр
11 ықшам аудандағы № 85 в үйдің тұрғындары екі айдан бері ыстық сусыз отыр. "Жаңа үй" мемлекеттік бағдарламасымен тұрғызылған үйде 60 жанұя тұрады. Тұрғызылғанына 10 жыл толмаған көпқабатты үй былтырдан бері ешқандай пәтер иелері копперативінің қарауында жоқ. Осыдан үш ай бұрын жылу құбыры жарылғандықтан үйге ыстық су беру тоқтатылған. 11 ықшам аудандағы "Жаңа үй" мемлекеттік бағдарламасымен тұрғызылған мына үйде 60 отбасы тұрады. Дені балалы-шағалы жас отбасылар. Айтуларынша 7 жыл бұрын тұрғызылған көпқабатты үй қыста салқын, коммуникация жүйесі дұрыс жүргізілмеген. Соның салдарынан үйде сәл жел тұра қалса жарық өшіп, газ болмай қалады. Кейде апталап ыстық, салқын су тоқтайды. Жаңа үйге қол жеткіздім бе деген Гүлзада Балмағанбетова 5-пәтерде тұрады. Ол екі айдан бері көршілерімен бірге ыстық судың азабын тартып келеді. "Мені қойшы-ау, балаларымды аяймын. Жұмыстан кейін табақ-табақ су жылытып әлекке түсеміз"- дейді. 10 қабатты үйдің ыстық судан ажыратылғанына тура екі айдан асқан. Тұрғындардың базынасын айтып бармаған жерлері қалмапты. Қаламыздағы ыстық суға бірден бір жауапты мекеме «Трансэнерго» АҚ да хабарласқан. Алайда коммуналдық мекеме тарапынан көңілге қонарлық әрекет әзірге болмай тұр. Коммуналдық мекеме бас инженерінің орынбасары Айтбай Дауылбаевтың айтуынша, орталық су құбыры зақымданбаған. Сондықтан үйдің құбырын жөндеуге тұрғындардың өздері жауапты. Болмаса жұмыспен пәтер иелері копперативі айналысуы тиіс. Ыстық суға зар болған тұрғындар шелектеп салқын су жинап, жылытуға мәжбүр. Жылу маусымы жақындағанда құзырлы органдар «қолдан келер қайран жоқ» деп, қарап отыр. Сондықтан бұл үйдің тұрғындардан басқа ешкімге керегі болмай тұрған сыңайлы. Енді бар салмақ тағы да тұрғындардың мойнында. Қажет ақшаны жинап, әрекет етпейінше 10 қабатты үйге ыстық су жақында жіберілмейтін секілді. |
Количество показов: 2131
Дата создания: 10.09.2013 18:18:10