101-атқыштар бригадасы көшесінде жер дауы қызып тұр
101-ші атқыштар бригадасы көшесі №15-ші үйдің тұрғындарынан маза қашты. Айтуларынша, жеке компания өкілдері үйдің жанынан бір подъезді 12 пәтерлік үйдің құрылысын бастамақшы. Халықтың наразылығын тудырып отырғаны- ешкім олардың рұқсатын алмаған. 101-ші атқыштар бригадасы көшесіндегі бұл үй 1988 жылы тұрғызылған. Дауға айналып отырған- осы көп қабатты үйдің іргесіндегі 247 шаршы метрлік аумақ. Тұрғындардың айтуынша, өткен аптада өздерін осы аумақтың иесіміз деп таныстырған компания өкілдері келіп, қазық қағып, құрылыс жүргізілетін жерді қоршамақшы болған. Мұндай әрекетке түбегейлі қарсылық білдірген жұрт бұған "Бастама" пәтер иелері кооперативі төрағасының араласуын талап еткен. Аталған үй "Бастаманың" қарамағында. Игорь Дәулетбаевтың айтуынша, жер үшін текетірес қаңтар айынан бері жалғасып келеді. Ол кезде компания өкілдері жұртпен жиналыс өткізіп, 12 пәтерлік үйдің құрылысы туралы әңгімелеспекші болады. Бірақ, тұрғындар қарсылық танытқан. Жабулы қазан сол жабулы күйі қалады. Кооператив төрағасы құрылысты бастамас бұрын, сауалнама жүргізу қажеттігін түсіндіреді. Бірақ, мұның барлығы ескерілмеген. Ұлтарақтай жерге көз тіккендер көп дейді тұрғындар. Шатырды пайдаланып, мансардты үй тұрғызайық дегендерді де жолатпапты. Айтуларынша, аталған аумақ 2000 жылдың басында сатылып кеткен. Нақты мәліметтер жоқ. Құрылыс жүргізетін компанияның қолында мұны растайтын құжаттар да бар көрінеді. Кооператив төрағасына танысу үшін берген меншік иесі туралы мәліметте сату-сатып алу келісім-шартының нөмірі көрсетілген. "Ақтөбе-Геодезия орталығы" ЖШС берген актіде темір қазықпен нақтылы қағуға болатын жер аумағы белгіленіпті. Тұрғындардың сенімсіздігін тудырып отырғаны- екі құжатта да 101 атқыштар бригадасы 15 Б деген мекен-жай көрсетілген. Ал көп қабатты үйдің нөмірі 15. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бөкей Біртай жер жекенің иелегінде екенін растады. Көп қабатты үйдің меншігінде болған аумақ бір қожайыннан келесісіне сатылған. Бастапқыда монша салу жоспарланған. Кейін жердің жаңа қожайындары басқа мақсатты көздепті. |
Количество показов: 2491
Дата создания: 15.07.2013 18:35:02